Білім саласындағы олқылықтар
"Қазақстанда бір ғана мектеп болу керек, ол – қазақ мектебі", - дейді ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы. Қазақстандық мектеп бітірушілердің көбі жоғары білім іздеп Ресейге кететінін немен түсіндіруге болады? Мұрат Бақтиярұлы еліміздегі білім саласындағы олқылықтар туралы өз пікірін білдірді.
Азаматтық көзқарас
Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде ең көп реформаға ұшыраған – білім саласы. Әсіресе соңғы үш жыл реформаның жетегінде кетіп бара жатыр. Оның ішінде үш тілділікті бір мезгілде барлық мектепке енгізуге өз басым о бастан қарсы болғанмын, қазір де солай. Кез келген мектепте, ең біріншіден, өзінің мемлекеттік тілін оқытады. Содан кейін баланың қарым-қабілетіне, білім ауқымына байланысты, ата-аналардың көзқарасын ескеріп, белгілі бір тілге бағыттайды.
Қазақстанда бір ғана мектеп болу керек, ол - қазақ мектебі. Оның ішіндегі пәндер ретке қарай сол тілдерді оқыту қажет. Негізгі пәндер ол мемлекеттік – қазақ тілін оқыту керек. Ал өзге пәндер, мысалы, орыс тілі немесе орыс әдебиеті дегендерді орыс тілінде оқытуға болатын шығар. Өкініштісі, біз қазір мұғалім кадрларын дайындамай жатып, жаңалық енгізу үстіндеміз. Екінші мәселе - оқулықтардың жиі басылуы. Ондағы қателіктер, кемшіліктер.
Оқулық сапасы
Шешімін табудың негізгі жолдарының бірі - жан-жақтан арнайы шоғырланған бір топ ғалымды жинап, мықты мұғалімдерді қатыстыру арқылы кітап басып шығару. Кеңес одағы кезеңіндей. Қазір тендерді біреу ұтып алады да, оқулықты кім көрінген жазады.
Сапа – ол салыстырмалы түрде айтылады. Оқулық қана әсер етпейді. Мектеп салудан біз мықтымыз. Өкініштісі, мұғалімдердің біліктілігі, материалдық жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Сол жағынан басқа мемлекеттерден кейін тұрмыз. Сондықтан да мұғалімдердің жалақасын, әлеуметтік жағдайын дұрыстамайынша, мықты мамандар келмейді. Қараңыз, педагог мамандығын жолы болмай қалған, ҰБТ-де балл жинай алмаған, түбі жұмыс табылады дегендер таңдайды. Егер осы мамандықтың сапасын көтеріп, материалдық жағдайын түзететін болсақ, талас туып, үлкен конкурс арқылы келетін еді.
Соңғы деректерге сүйенсек, 2016 жылы 32 000 жуық түлек шетел асып кеткен. Оның ішінде 80% - Ресейге, ал 2017 жылы 37 500 қазақстандық оқуға кеткен. Оның ішінде 70% арнайы дипломдары бар;
Қанша ақша беріп оқыттық, олар шетелге кетіп жатыр. Тек СҚО емес, Ресеймен шектесетін ШҚО, БҚО, Ақмола облысы. Сараптама барысында түлектердің көпшілігі Ресей жоғарғы орнына түседі. Себебі, жылдың басында, яғни қаңтар-ақпан айларында Ресей мемлекетінің ЖОО өкілдері мектептерді аралайды. Оқу орындары жайында мәлімет таратады, қандай көмек беретіндерін айтып түлектерді қызықтырады.
Біріншіден, Қазақстанмен салыстырғанда, көршілес жатқан Томск, Омск қалаларында білім сапасы жоғары - техникалық базасы, мұғалімдердің біліктілігі. Өйткені мемлекет тарапынан бөлінетін ақша көп. Сондай-ақ профессорлары бізден 2-3 есе жоғары жалақы алады.
Екіншіден, ол елге оқуға барған азаматтардың шәкіртақысы, жатақханамен қамтамасыз етілуі өте жоғары дәрежеде.
Үшіншіден, ЖОО бітіргеннен кейін Ресейде толыққанды жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жалақысы да анағұрлым жоғары.
Сол себепті біздің азаматтар көршілес мемлекетке оқуға түсіп, сол жақта қалып қояды, оны тоқтату мүмкін емес. Ал азайтудың жолдары бар:
- Қолға енді алып жатқан техникалық мамандықтарға квотаны көбейту. Әрбір оқу орындардың, облыстардың гранттары болу керек. Әр облыс тиісті мамандыққа, маманға министрліктен тыс, өздері ақша бөлу керек.
- Жоғары оқу орындарында талантты азаматтарға мүмкіндік қарастыру керек.
Сараптамаға қарасақ, ЖОО бітірген соң өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Бұл үлкен мәселе. «Болашақ» бағдарламасы бойынша көптеген азаматтар білім алды. Зерттей келе, көбісінің шетелде жұмысқа қалып қойғаны анықталды.
Бір дерекке таң қалдым. АҚШ-ғы Сан-Франциско қаласында 2 мыңға жуық Қазақстан азаматтары белді жұмыс орындарында қызмет етіп жатыр. Нағыз ақыл-оймен істейтін азаматтар шетелде жүр! Осындай азаматтар елімізден кететін болса, мемлекет интеллектуалы төмендейді. Жан-жақты, білімді, білгір жастарымызды бері тартып, сол шетелде алып жатқан жалақыны ұсынып, өз елінде қалдыруымыз керек.
Мемлекеттің басты тірегі – ақыл-ой. Үздіксіз реформаны күндіз-түні жасай бергеннен гөрі, оның тактикалық жақтарын, халықтың әл-ауқатына, жас интеллектуалдардың жағдайына қарай бұрылуымыз керек.
Осы сұхбаттың бейненұсқасын және үш ауысымда оқитын мектептер саны жыл санап артып бара жатқаны, бұл мектептерде оқу жоспарының орындалып-орындалмай жатқаны, мектеп мәселесін толық шешуге қанша қаржы қажеттігі жайлы толық репортажды мына жерден қараңыз. Әр жексенбіде сағат 20:00-де КТК арнасынан ең өзекті мәселені таразылайтын «Аптап» бағдарламасын қалт жібермеңіз!
Оқи отырыңыз: ШЕР АҒАНЫҢ ШЕКСІЗ ШЕРІ...
ҚАЛАДА ӨСКЕН МИНИСТРЛІКТЕГІ ШЕНЕУНІК АУЫЛДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ БІЛМЕЙДІ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЕРРОРИСТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТІ
СЕНДЕЛІП БОСҚА ЖҮРГЕН ҚҰЛЫҚСЫЗ ЖАСТАР
ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР: АЛЬЦГЕЙМЕР АУРУЫНА ТЕСТІЛЕУ
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН: МЕНІ БІРЕУЛЕР НЕ ӨТЕ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ, НЕ ЖЕК КӨРЕДІ