{metadescription}
Жедел жәрдем туралы білуге тиіс мәлімет

Жедел жәрдем туралы білуге тиіс мәлімет

Еліміздегі жедел медициналық жәрдемнің қызметіне көңіліңіз тола ма? Жедел жәрдемді қалай шақыру керек? Есі кеткен жақыны науқасқа көмектесем деп қандай қателік жасайды? Жедел медициналық жәрдемнің ережесін білесіз бе? Жан жақыны қатты ауырғанда жаны шырқырап, әр минутты санап, жедел жәрдем күтумен тағаты таусылмаған адам кемде-кем шығар.

Жақында ғана әлеуметтік желіні шулатқан жедел жәрдемге қатысты бейнематериал естеріңізде болар. Ақтөбе қаласында халі күрт нашарлаған жеткіншек жедел жәрдемнің жайбасарлығынан қайтыс болды. Ақтөбелік диспетчерлер 7 жасар қызды төртінші санатқа жатқызып, оңбай қателескен екен. Осындай оқиға қайталанбас үшін жедел медициналық жәрдемді шақырудың қарапайым ережесімен танысыңыз.

103 нөміріне қоңырау шалғанда диспетчер белгілеп жазып алатын нәрселер:

  • науқастың аты-жөні, жасы, жынысы; науқастың жағдайы, оқыс оқиға, апат, жарақаты туралы толық мәлімет; мекен-жайы мен телефон нөмірі, сондай-ақ науқастың орналасқан жері туралы бағыт-бағдар.
  • Қоңырау шалған уақыттан бастап диспетчер алынған мәліметті шақыру санатына байланысты сұрыптап, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырғанға дейін уақыт  5 минутты құрайды.

Жедел жәрдем бригадасын шақырғанда аурудың белгілерін толық, нақты, дұрыс айту қажет. Ол медициналық көмек көрсетуді жеңілдетіп, келу уақытын қысқартады. Үйдің подъезіне дейінгі жолды (жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, қай жерден айналып өтуді ескерту) және домофон нөмірін нақтылап айту керек. Мүмкіндігінше, бригаданың алдынан шығып күтіп алып, қай жерден күтіп алатыныңызды да алдын ала айтыңыз. Бригада үйге жеткенше телефонды өзіңмен бірге ұстап, желіні бос ұстау. Үйде науқас жатқан жерге дейінгі жолды өзге заттардан тазарту. Үй жануары болса, оны өзге бөлмеге қамап қою керек. Өйткені дәрігер өміріне еш қатер болмауы тиіс. Науқастың жеке құжатын, медициналық полисін, ауруханадан шыққан құжатын, кардиограмма және т.б. денсаулығына қатысы бар құжаттарын дайын ұстаңыз.

Жедел жәрдем шақыру науқастың ауру нышанына және жеделдігі бойынша былай топтастырылған:
- 1 санат: Науқастың жағдайы  өмірге тікелей қауіп төндіргенде және дереу медициналық көмекке мұқтаж болғанда. Бригаданың келу уақыты 10 минутқа дейін;

- 2 санат: Науқастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуі ықтимал  жағдайда бригаданың келу уақыты 15 минутқа дейін;

- 3 санат: Науқастың медициналық көмексіз денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайда бригаданың келу уақыты 30 минутқа дейін;

- 4 санат: Науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген  кезде,  науқастың жағдайы өткір немесе созылмалы аурудың шиеленісуіне, ағзалары мен жүйелердің кенеттен және анық бұзылыстан туындаған кезде бригаданың келу уақыты 60 минутқа дейін. Сонымен қатар, алғашқы 3 санатты жедел жәрдем станциясы, ал төртіншісіне - емханалардағы шұғыл медициналық бөлімдер деңгейінде көрсетілетін болады.  Осылайша, емханалардағы жедел жәрдем орталықтары  шақыруды тәулік бойы 24 сағат қабылдауы тиіс.

 Науқасты ауруханаға жетпей өлтіріп алуды азайту үшін шұғыл медициналық көмек үш кезеңде жүргізіледі:

- жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету;

- фельдшер/дәрігерлер бригадасының шұғыл медициналық көмек көрсетуі;

- стационарлық қабылдау деңгейінде медициналық көмек көрсету. Жаңа бұйрыққа сәйкес, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмекті медициналық білімі жоқ адамдар көрсетуі мүмкін: полиция, патруль, білім, көлік, өндірістік кәсіпорындар, әлеуметтік қызметтер және т.б.

Бұдан басқа, қабылдау бөлімінде стационарды науқастардың триадж-сұрыпталымын күшейтіп, кез келген науқасты қабылдауға дайындықпен  қабылдаудың жаңа форматын ұсынады. Науқасты жедел қабылдау жағдайында жаңа дәрігер мамандығы енгізілген – қабылдау бөлімінің дәрігері («emergency doctor») . Ол науқастың ахуалын тұрақты қалпына келтіргенше жедел медициналық жәрдемді уақтылы қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда бастапқы реанимациялық және басқа да іс-шараларды шұғыл көрсетеді.

Науқас адамға көмек көрсеткенде нені істеуге болмайды?

  • Денсаулық кенеттен сыр бергенде немесе оқыс оқиғаға ұшырап қалған адамға бәрі де көмектесуге тырысады. Бірақ есін шығарған дүрбелеңде медицинадан сауаты жоқ адамдар артық қыламын деп, тыртық қылады.
  • Мысалы, қоғамдық көлікте өзін жаман сезініп, есінен танған адамға бәрі жабылып дәрі-дәрмек ұсынады. Әдетте ол – нитроглицерин. "Тіліңіздің астына салыңыз, бәрі жақсы боп кетеді". Бұл үлкен қателік! Бас сүйек-ми зақымында, төмен қан қысымында және геморрагиялық инсультте нитроглицерин ішуге болмайды!
  • Бас ауырса бәрі анальгин ішуге әуес. Бұл дәрінің жағымсыз әсері көп және батыс елдерінде анальгин баяғыда қолданыстан шығарылған. Дене қызуы көтеріліп сырқаттанған адамға аспирин беруге болмайды. Әр дәрінің өз көрсеткіші бар және барлық адамға жарай бермейді. Оны тек дәрігері ғана шешеді.  
  • Көлік апатына ұшыраған адамды көлігінен сүйрелеп шығаруға асықпа. Дерек бойынша, жол апатына ұшыраған адамның апаттан алған жарақатынан гөрі «көмек берген» кезде алған зақымы әлдеқайда көп.
  • Ыстығы көтеріліп, дірілдеп, қалтыраған адамды көрпеге орап, жылы қымтаған дұрыс емес! Ондай кезде ыстығын түсіретін дәрі беріп, денесін сумен сүрту керек. Сумен, спиртпен емес! Антибиотик беруге болмайды, ол вирусты өлтірмейді. Науқасқа тыным беріп, көбірек су ішкіз.
  • Аязда қатты тоңған адамға «жылыну» үшін спирттік ішімдік беруге болмайды! Ондайда аязды сезуден қалып, үсігенін байқамай, ауруханадан бір-ақ шығады.  
  • Күйген жерге қаймақ, өсімдік майын жағуға, спирт құюға, картоп басуға болмайды! Май ағзаның артық жылуын шығаруға кедергі болады. Күйік шалған жерді ағып тұрған судың астында ұстап, сосын пантенол жағып, дәрігерді күт.  
  • Сәбиді аяғынан ұстап алып, басын төмен салбыратып, сілкілеп, арқасынан қағуға болмайды.
  • Іші ауырған адамның диагнозы қойылмайынша, оның ішіне не суық, не ыстық басуға болмайды.
  • Суық тиіп дене қызуы көтерілген адамға (әсіресе сәби) құйрық май жағып, компресс жасап, қыша қағаз тартуға болмайды.    
  • Қақалып, жөтеле бастаған адамның арқасынан соғуға болмайды.  
  • Жүрегі соқпай қалған адамның кеудесінен қатты соққы жасауға болмайды.  
  • Зардап шеккен адамның көзіне шамды жарқыратып, жанарының жарыққа әсерін байқаудың пайдасы жоқ.
  • Үлкен артерияның зақымдануынан басқа кез келген жарақатқа бұра (жгут)  салуға болмайды.
  • Терісі сыдырылған, дақ, тырналған жерге йод пен бриллиант жасылын құюға болмайды.  
  • Жарақаттанған аяқ-қолды физиологиялық күйге келтіруге болмайды.  
  • Аяқ-қолы шығып кеткенде өздігіңмен оны орнына салуға болмайды.
  • Уланып қалғанда марганец ерітіндісін ішуге болмайды.
  • Эпилепсия кезінде науқастың жағын ашып, тісінің арасына түрлі зат салуға болмайды!
  • Жүрегі ұстап қалған адамға дәрігері жазып бермеген дәріні беруге болмайды!
  • Жылан шаққан жердің уын сорып, кескілеп немесе сол жерді күйдіруге болмайды!
  • Тұншыққанда немесе Квинке ісінуінде көмейіне күшпен қаламсап тығуға болмайды!

Статистика:

Қазақстанда 103 нөміріне бір тәулікте 2 жарым мыңға жуық қоңырау түседі. Жыл сайын 300-ден 500 мыңға дейін шақырту алынады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. 2017 жылы 7 миллион 800 шақырту түскен. Елімізде жедел жәрдем көліктері жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өңірлерді толық қамтамасыз ету үшін арнайы жабдықталған 200-дей көлік керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Алғашқы медициналық көмек: Өмірің өкінішпен өтпесін

Кеше

15 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде