{metadescription}
Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты

 Қасым-Жомарт Кемелұлына митингтер туралы, полиция әрекетіне қатысты, сайлауға бойкот жариялау, қазақстандықтарды мазалап жүрген билік транзиті, әлеуметтік желілердің бұғатталуы, жемқорлық, АЭС құрылысы, халықты әлеуметтік қорғау туралы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ Үкіметтің отставкасы, ауыс-түйістер, өңірлердің басты мәселелері туралы да айтылды.

Баспасөз-конференциясына 66 бұқаралық ақпарат құралынан 107 өкіл қатысты. Оның 22-сі шетелдік БАҚ. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде 30-ға жуық сұрақ қойылды.

Сайлау күніндегі қоғамдық тәртіп

 «Полиция сайлауда барынша ұстамды болу туралы менің тапсырмамды орындады.  Алматы мен елордада адамдар өз ойларын білдіру үшін көшеге шықты. Бас прокуратура мұндай әрекеттерді заңсыз деп жіктеуі мүмкін. Кейбір азаматтардың тарапынан арандатушылық әрекеттерінің орын алуына байланысты полиция қызметкерлері өзге адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығына қауіп төндірмеу үшін шара қолданды. Тағы да атап өткім келеді. Сайлау қарсаңында менің тарапынан сайлау кезінде барынша ұстамдылық таныту қажеттілігі туралы тапсырмам болды. Олар соны жасады».

Заңсыз шеру

 «Менің тарапымнан құқық қорғау органдарына сайлау қарсаңында барынша ұстамдылық таныту туралы тапсырма берілді және шерулер кезінде олар мұны жасады да. Алдағы уақытта да олар өздерін дәл осылай ұстайтын болады. Әрбір азаматтың пікірін білдіруге құқы бар. Азаматтар тарапынан айтылған наразылықтарға қатысты айтар болсам, онда диалог форматын түбегейлі түрде ұсынуы тиіс деп санаймын. Мен Қоғамдық сенім комитеті құрылатындығын бұған дейін айттым. Оның құрамына біздің қоғамның түрлі топтарының өкілдері кіреді және онда біз пікір алмаса аламыз. Менің түбегейлі ұстанымым: түрлі пікірлер бола алады, бірақ, бізде ұлт біртұтас. Пікір әртүрлі - халық біртұтас»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік желінің бұғатталуы

«Мен әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданамын. Твитердегі  парақшамды өзім жүргіземін. Сондықтан әлеуметтік желілердің бұғатталатыны жайында білген емеспін. Әрине, құқық қорғау органдарына  тиісті тапсырма берілетін болады. Әлеуметтік желі деструктивті мақсатта, халықты арандатушылыққа шақыруға, оның үстіне адамдарды бір-біріне айдап салуға қолданылмауы тиіс. Интернет әбебап дүние. Біздің өміріміздің шынайы мәніне айналып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Билік транзиті

«Мен өзімді Қазақстан Республикасының толыққанды Президентімін деп санаймын. Ең алдымен, мен транзит деген сөзге қарсымын. Сондықтан ресейлік телеарнаға сұхбат бергенімде қазақша транзиттің не екендігі жайында сөз қозғадым. Транзит дегеніміз не? Мен сонда транзиттік жолаушы болмаса жолсерікпін бе? Мен өзімді Қазақстан Республикасының толыққанды Президентімін деп санаймын. Мен жолсерік те, транзитер де емеспін. Пойызды не болмаса ұшақты ауыстырайын, басқа жылжымалы құралға отырайын деп тұрғаным жоқ. Транзит деген сөзді доғарайық. Сайлау өтті, Президент сайланды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

АЭС құрылысы

«Қазақстан аумағында атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Әзірше ондай жоспарымыз жоқ. Егер болса міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Тіпті қажет болса бұл мәселе бойынша референдум өткіземіз. Себебі бұл өте жауапты, өзекті мәселе. Сондықтан мен уәдемді орындаймын".  

Сыбайлас жемқорлық

 «Сыбайлас жемқорлық - өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен  алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық. Біз сыбайлас жемқорлық туралы ашық түрде айтамыз. Бізде сыбайлас жемқорлық - өте үлкен проблема, құбылыс - біздің қауіпсіздігімізге сын-қатер. Сондықтан менің міндетім - сыбайлас жемқорлықпен күресу. Мамыр айында осы мәселеге арналған үлкен жиналыс болды. Кешенді іс-шараларды қолданамыз деп ойлаймын. Бұл жөнінен халыққа есеп береміз».

Үкімет жұмысы

«Үкімет жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беру керек. Сондықтан менің талабым өте қатаң болады. Біздің заңнамамызға сәйкес Үкімет отставкаға кетпейді. Дегенмен, нақты-нақты кадрлық ауыс-түйіс болады. Бұған дейін атап өткенімдей, Үкіметке жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар өкілі тартылады. Меніңше, барынша қабілетті кадрларды тарту қажет. "Президенттік кадрлық резерв" дайындауға уәде бергенмін. Оған  еліміздің барлық өңірлерінен 300 адам кіреді. Біз бұл тізімді жаңартып отырамыз. Бұл догма емес. Дегенмен, басты мақсат - жастарды мемлекетті басқаруға тарту», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірлердің басты проблемасы

 «Сайлау науқаны кезінде аймақтардың барлығын аралап шықтым. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі бар. Ол заңды нәрсе, дегенмен, әрбір аймақ біздің еліміздің дамуына өз үлесін қосып отыр. Ал шындықты айтсақ, елімізде түйіні шешілмеген мәселелер бар. Мен оларды жақсы білемін, сіздер де жақсы білесіздер. Бұл - медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы басқалары. Сондықтан бұл өзекті мәселелерді біз басты назарға аламыз. Үкіметке тисті тапсырмалар беріледі. Қазіргі таңда нақты шешімдер қабылдау керек. Халық бізден  осы шешімдерді күтіп отыр. Халық ұзақ сөздерден әбден шаршады. Сондықтан мен Президент ретінде осы жұмыспен міндетті түрде айналысамын».

Журналистер мәртебесі

«Журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдау мәселесі  – өзекті мәселе. Бұл мәселені жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер болатын болса, мен Үкіметке тиісті тапсырманы беремін. Келешекте журналистердің мәртебесі туралы, егер қажет болатын болса, тиісті заң қабылдаймыз. Не болмаса мен өзім Президент ретінде шешім қабылдаймын»,  - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Exit poll нәтижесі туралы

 «Нәтижелер жария етілгеннен түсініксіздеу салқынқандылық, байсалдылық болды. Неге екенін білмеймін.  Мүмкін мұнан ары не істеу қажеттігін ойлаған кейін  шығар. Ал кесте өте қауырт. Ең алдымен халықтың өмір сүру деңгейін  көтеру  үшін жұмыс істеймін.  Орын алып отырған проблемаларды жақсы түсінемін және қазіргі уақыттың өзінде белгілеп қойдым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алғыс

 «Маған дауыс берген барлық қазақстандықтарға ризашылығымды білдіргім келеді, бұл өте үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті арқалау - мен үшін үлкен міндет. Бұл халық сенімі. Сайлау өте жоғары деңгейде ашық әрі әділ өтті. 1 мыңнан астам халықаралық байқаушылар сайлау барысын бақылады, 350 шамасында журналистер әлемге ақпарат таратты. Осының өзі біздің азаматтарымыз ел тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Сайлау әділ әрі ашық өтті деп санаймын. Сайлауға 7 кандидат қатысып, олардың барлығына да теңдей жағдайлар жасалды, мүмкіншілік берілді. Қазақстан халқы сабақтастықты қолдайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеше

30 тамыз

29 тамыз

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде