{metadescription}
Көмек сұраған – ұят емес. Мұқтаж жанды елемеген – ұят

Көмек сұраған – ұят емес. Мұқтаж жанды елемеген – ұят

КТК арнасында журналистік қызметімен қатар волонтерлік іс-шараны қатар алып жүрген мейірімді жан бар. Ол – Наталья Кунина. Қарапайым тілшінің қуанышты сәттері көп болғанымен, талай адамдар көңілін қалдырып, налыған кездері де жоқ емес. Наташаның әуестігі де, борышы да, қабілеттілігі де, міндеті де – қайырымдылық.

«Құрысын, ендігәрі жанталасып жүгірмеймін» деп қолын бір сілтеген Наташа ойынан айнып, қайтадан мұқтаж жандардың жанынан табылады.

Жалпы, журналистің қай-қайсысы болмасын әлеуметтік мәселенің қайнаған ортасында жүреді. Бұл жерде мұқтаж адамдардың түйткіліне бей-жай қарау мүмкін емес. Әр журналистің кадр сыртында жария етілмеген қайырымды істері толып жатыр және ол жаңалық емес. Дегенмен біз бүгін жақсының жақсылығын айтуды жөн көрдік. Натальяға сөз берсек:  

Соңғы кездері әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуге құлықсызбын. Неге? Өйткені жолымда ниеті таза емес адамдар кездесті. «Маған көмектесуге міндеттісің» деп санайтындардан көңілім қалды. Бір ғана мысал: КТК арнасының арнайы жобасына көшеде қаңғып қалған танымал спортшы туралы 5-6 сюжет жасадық. Оны қаңғыбастар паналайтын үйге әкелдік, жуындырдық, тазаладық, киім-кешегін алып бердік, денсаулығын қалпына келтіріп емдеттік, тегін ота жасатқыздық. Сөйтіп ол көз алдымызда жайнап, құлпырып кетті.Біздің іс-шарамызға қоғам белсенділері араласып, оған карточка жасап берді, қаражат жинады, жұмыс табылды, ақырында тіпті баспана да ұсынылды. Қуандық, шаттандық, еңбегіміз жемісті болды деп масаттандық. Жарты жыл өткен соң әлгі адамның қаңғып жүрген жерінен бір күзетші көріп бізбен хабарласты. Салып ұрып жетіп бардық. Көз алдымында адам сиқынан айырылған қаңғыбас тұрды. Бұл қалай болғаны? Жауабы жігерімізді құм қылды: «Салауатты өмір салтыңды ұрғаным бар, басымды қатырмаңдар, арағымды сіміртіп, өзімді жас сезініп мас күйде жүргенім әлдеқайда артық». Бұл оқиғадан кейін намыссыз адамнан гөрі қорғансыз жануарларға қамқор болғаным дұрыс-ау деген ой келді.

Қол ұшын берген әуестік пе деймін. Шын мәнінде адам көмекке зәру ме, жоқ па, оны түйсіне білу, сезіне білу керек. Бірден аңғару қиын.

Мейірімді адамдар – менің байлығым. Неге дейсіз ғой? Мысалы көлік қағып жол бойында өлгелі жатқан жануардың көзіне үңіліп қарадыңыз ба?   Жанарынан өлімге бойсұнғанын көресің. Оның жедел жәрдем күтіп, «қазір мені құтқарып қалады» деген үміті болмайды. Міне, сол кезде жануарды клиникаға апарып жанын арашалап, ары қарай оған пана тауып берсең... Тап сондай жағдайда мейірлі адамдардың ауызбірлігіне, жұмыла көтеріліп жәрдем бергені рухыңды жанайды.

Әлеуметтік желілерде, месссенжерлерде жедел әрекет ету тобымыз бар. Мүмкіндігімізше әрекет етеміз. «Көмектесейік» деп жазған бір ауыз сөзге елең етіп біріге қалып, әрқайсысы өз тарапынан қолдан келгенше жанталасады. Жүгімізді жұмыла көтереміз.  Бұл бір жағынан қиын алгоритмдей. Жапа шеккен жануарға көлік тауып клиникаға жеткізесің. Ол дегенің қып-қызыл ақша. Көмек сұраймыз, қаражат жинаймыз. Одан арғысы тіпті қиын –  емделген жануарға қожайын іздейміз. Бұл бір таусылмайтын тірлік. Қатты шаршайсың. Бірақ, волонтерлық – өз таңдауың, жүрек таңдауы. Басқалай болу мүмкін емес.

Жалпы, біреуден көмек сұрағанның сөкеттігі жоқ. Қысылма. Көмек бергеннен де тартынба. Одан бір жерің қисайып, дүниең ортайып қалмайды. Ал мұқтаж, мүгедек жанның жанынан елең қылмай қасқайып өте шықсаң, міне, сол ұят.

Арманым – дүниеде тепе-теңдік болса, бай мен кедейдің, бар мен жоқтың, ауру мен саудың арасында үлкен алшақтық болмаса...

Наталья Кунина көп жылдан бері КТК арнасында қызмет етеді. Ол өзінің волонтерлік жұмысын ешкімге тіс жарып айтқан емес. Біз оны сырт адамдардан естідік. Қанша қайырымдылық шараға қатысып, қандай жұмыс атқарғанын мақтан етпейді. Қарапайым.

Қайырымды журналистерді төл мерекесімен құттықтай отырып, ақ жүректерін кір шалмасын, мейірімі үстем болсын дегіміз келеді.

Оқи отырыңыз:  Атаулы әлеуметтік көмек. Балалы отбасыны қолдау. Жұмыссыздық жәрдемақысы. Әлеуметтік төлем. Жалақы

Айыппұлдар мен берешектерді тексеруді ұмытпаңыз 

Кепілде тұрған пәтерді сатып алуға бола ма? 

Шетелге шығатын азаматқа қажетті мағлұмат 

Кеше

21 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде