{metadescription}
Пәтер жалдау: Ерекше ескеретін нәрселер

Пәтер жалдау: Ерекше ескеретін нәрселер

Пәтер жалдап көрдіңіз бе? Алғаш рет үйді жалға алған адам көп қиындықты бастан кешіреді. Кейбіреуі жыл сайын жаңа кедергілерге тап болып отырады. Уақытша пәтер жалдаймын деп шығынға белшесінен батқандар да жоқ емес. Пәтер қожайынымен жанжалдасып, ақыры сотттасқандар да бар. Ендеше үй жалдағанда не нәрсеге басты назар аудару қажет? Міндетті түрде білуге тиіс 7 жәйтпен танысыңыз. 

Өмірінде бір рет болса да пәтер жалдаған адам алдын ала бәрін қарастырудың мүмкін еместігін біледі. Пәтер орналасқан аудан қолайлы емес, балалар алаңқайы тыныштыққа мұрша бермейді, инфрақұрылым ерекшелігінен туындаған қиындық және т.б. кедергілер. Уақытша жалдаған пәтерге көптеген зат алып шығындалдыңыз немесе пәтердің қожайынымен коммуналдық төлемге қатысты дау туып отырды.

Осындай күтпеген қиындықтың алдын алуға болады. Негізгі нәрселерге назар аударуға мүмкіндік беретін кеңеске құлақ түрейік. 

Өзіңізге ең қажетті нәрсені анықтаңыз

Ең алдымен не істеу керек? Сайтқа кіріп, қолжетімді бағамен пәтер ұсынатын үй иелеріне қоңырау шала бастайсыз ба? Жоқ! Ең алдымен, нені іздейтіндігіңізді түсінуіңіз керек: ауданды анықтау, үйдің форматын және оған қандай талап қойылатынын нақтылаңыз. 

Ең бастысы не? Мысалы, кептелістің болмауы және аулаға көлікті оңай қою мүмкіндігі ме, әлде саябақтың үйдің жанында және аялдаманың жақын болғаны маңызды ма? Әрине, барлық қажеттілікті қанағаттандыру қиынырақ, дегенмен ондай үйді табу мүмкіндігі жоқ емес. Тек олардың құны көбінесе орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Өмір салтыңыз бен жоспарларыңызды талдаңыз, бірақ шама-шарқыңызды ескеріңіз.

Үйдің мөлшері мен қанша бөлмелі болу керектігін анықтадыңыз делік. Бірақ асықпаңыз! Кейде екі бөлмелі кең пәтер үш бөлмеден артық болып шығуы мүмкін. Сондықтан бөлме санына қадалып қалмай, оның бағасы мен нарық жағдайын ескеріңіз.

Уақытты қайда өткізетіндігіңіз туралы ойлау артық болмайды. Үйге тек демалу үшін келесіз бе? Онда жатын бөлмеге және оның қалай жабдықталғанына ерекше назар аударыңыз. Үйде күн сайын тамақ істейсіз бе? Онда сәнді ас үй студиясынан бас тартуға тура келеді.

Тексеру парақшасын дайындаңыз

Ұсыныстарды қарауды бастамас бұрын қандай тұрғын үй параметрі керектігін, қайсысы негізгі екенін анықтаңыз. Пәтер иесімен сөйлесіп, үйді қараудан бұрын тексеру парағын дайындап алыңыз.

Сіздің мақсатыңыз — әңгімені дұрыс бағытта жүргізіп, маңызды нәрсені естен шығармау.
— жалдау бағасы мен мәміленің заңды тұрғыда қауіпсіздігін қадағалау,
— үйдің орналасуы мен ауданның инфрақұрылымы,
— үйдің жай-күйі мен ерекшелігі,
— тұрмыстық ұсақ-түйектер.

Қоңырау соққанда көп сұрақ қойыңыз

Көңіліңізден шықпайтын үйлерді аралауға кететін уақытты үнемдегіңіз келе ме? Онда пәтер қожайынымен телефон арқылы сөйлескенде қажетті сұрақтың бәрін аямай, төпелеп қойыңыз.

Пәтердің қай қабатта екенін, бөлмелерін, жиһазын, шаршы метрі секілді негізгі ерекшеліктерін хабарландырудан да білесіз. Алайда бәрін егжей-тегжейлі телефон арқылы нақтылап анықтаңыз.  Жалға беруші толық мағлұмат: бағасын, орташа коммуналдық шығынын, жазда және қыс айларындағы төлемдерін айтып берсін. Жалға алу мерзімін нақтылаңыз. Жақын арада пәтерін сатамын деген жоспары бар ма, көпқабатты үй болса, жеделсаты жұмыс істей ме, оны да сұраңыз.

Үй туралы мәліметті көбірек жинаңыз

Картадан сол үйді тауып алып, оның инфрақұрылымымен танысыңыз. Өзіңіз қалаған артықшылықтары туралы тізіммен салыстырыңыз (аялдама, метро, дүкендер, балабақша, мектеп, емхана және т.б.).  Өзіңізге қажетті ерекшеліктерді алдын ала жазып алып, үй иесімен сөйлескенде соларды парақшаға түртіп алсаңыз, бірнеше ұсынылған түрін таңдаған жеңілірек болады.

Пәтерді бағалаңыз

Пәтердің жай-күйі өте маңызды. Ол қанша жыл жалға берілді, соңғы рет жөндеу қашан жасалды? Қысылмай сұраңыз. Есіңізде болсын, хабарландыруда көрсетілген суреттер көбінде шындыққа жанаспайды. Мұнтаздай таза, жарқыраған жиһаздар көбінесе тозығы шығып тұрады.

Жалға беру нарығында әсіресе орташа баға сегментінде мінсіз пәтерлер көп емес. Ал егер үй иесі жақында жылжымайтын мүлік толықтай тәртіпке келтіріліп, жаңа жиһаздармен жабдықталған деп айтса, оған ерекше назар аударыңыз.

Үй іші өз қалауыңызбен таңдалғанымен, маңызды жәйттер бар. Бәлкім сізге жататын жер мен жұмыс істейтін орын маңыздырақ болар. Пәтрді қарағанда жиһаздың бүтін екеніне көз жеткізіңіз. Ұнамаса, оны ауыстырып немесе жөндеуді талап етіңіз.

Сантехниканың еш жері сынбаған, яғни кемістігі болмасын. Пәтерде қолданыстағы заттардың бәрі мінсіз жұмыс істеп тұруы тиіс. Егер ваннаға түсіп үйренсеңіз, ал жалға алған пәтерде тек душ кабинасы болса, оған дағдылануға да уақыт керек екенін ұмытпаңыз.

Егер болашақта сантехниканың шүмегін ауыстырамыз деп уәде берсе, оны шартқа енгізіп қойыңыз.

Тұрмыстық техника. Жұмыс істеп тұрған кондиционер жазда сізге жеңілдік әкелетінін ұмытпаңыз. Егер кондиционер жоқ болса, онда қожайынмен оны орнату керектігін талқылаңыз. Ол жалға беру есебіне кіруі мүмкін.

Теледидар, қысқатолқынды пеш, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, шаңсорғыш –  пәтердің ажырамас атрибутына айналған. Тұмшапеш пен ас үйдің ауа сорғышы үй шаруасындағы әйелдерге өте маңызды. Осының бәрі жұмыс істеп тұрғанын тексеріңіз. Кейде иесі бұрынғы жалға алушылардың кейбір тұрмыстық техниканы сындырып кеткенін білмейді. Ештеңені ұмытып кетпеу үшін парақшаңызға түртіп алыңыз. Қажетті заттарды түгендеген соң, сатып алуға тиіс заттардың тізімін құрыңыз. Оған қанша ақша жұмсалатынын жобалаңыз. Бұл жағдайды бақылауда ұстап, бюджетіңізді есептеуге қажет. Үй қожайынымен қосымша жағдайды талқылаңыз, мысалы, үйге тіркелу мәселесі, үй жануарын асырау және т.б.

Қауіпсіздікке көз жеткізіңіз

Сақтансаң, сақтайды. Үйді уақытша жалға алсаңыз да, кіретін есік мықты ма, құлпы қауіпсіз бе, мұқият тексеріңіз.  Төтенше жағдайда үйден кедергісіз шығып кетуге бола ма? Электр құрылғылары, тоқтар, сымдар күйіп кетпеген бе? Сонымен бірге жалға алатын пәтердің ауласында, маңайын кешке жақын бір айналып шығып қараңыз. Үйдің кіре-берісінде, аулада жарық бар ма? Үй тазалаушы бар ма?

Егер үйіңіздің жанында күндіз-түні шуылдайтын мекеме болса, аулаңызда небір адамдар жиналса, оған да дайын болыңыз. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, ондай жағдайлармен күрескен өте қиын.

Үй иесінің байланыс мәліметтерін және учаскелік полиция, КСК, жергілікті әкімдік және төтенше жағдайлар қызметінің телефонын жазып алыңыз.

Мәміленің заңды болуына мән беріңіз

Есіңізде болсын, жалдау шарты – бұл күтпеген жағдайлардан сақтандыратын негізгі құжат. Оны мұқият тексеріңіз. Жетіспейтін пункттерді қосуды сұраңыз (мысалы, пәтер иесінің үйдің жағдайын тексеру үшін келетін күнін нақтылаңыз, әдетте бұл келісімшартта жоқ).

Үй иесі депозит талап етуі мүмкін, ол мәміле аяқталғаннан кейін сізге қайтарылатын сома. Алайда оның қандай да бір мүлкі қираса, төлеуге тура келеді. Зиянды өтеу тәртібі де келісім-шартта жазылуы тиіс. Үйге кірген күні электр, су есептегіштердегі  көрсеткішті жазып алуды ұмытпаңыз. Пәтерді фотоға түсіріп алыңыз. Бүлінген жер, ақаулар болса, оны құжатқа тіркеңіз.

Мәміле шарттары, тараптардың жауапкершілігі, жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерді төлеу тәртібі жалдау шартында нақты көрсетілуі тиіс. Қағазға қол қоюдан бұрын пәтер иесінің пәтерді иемденуге толық құқығы бар екеніне көз жеткізіңіз. Үйдің құжаттарының түпнұсқаларын және жеке куәлігін сұраңыз.

Қысқасы, баспана таңдағанда және мәміле жасағанда сақ, мұқият болыңыз!

                          Krisha.kz сайтынан аударып алынды.

Оқи отырыңыз: Үйді сенімхат арқылы сатып алу қауіпсіз емес пе? 

Үйімізді ұрылардан қалай қорғаймыз? 

Несиелік рақымшылық: Кімнің қанша қарызын қашан жауып береді 
Өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға арналған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 

Пәтер сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау керек? 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде