{metadescription}
Ойлау қабілетінде жіберетін 10 қателік

Ойлау қабілетінде жіберетін 10 қателік

«Өмір бойы сорлап жүреміз». «Бағым бір ашылмады». «Еркектер – оңбаған!» «Танысың болмаса, жұмысқа алмайды!» «Ұятсыз, рақмет айтуға жарамады». «Ол маған міндетті!» «Адамдар бұзылған!» «Заман не боп барады!» Мұндай ойлар басыңызға жиі келе ме? Ендеше...

Ойлау қабілетінде жиі жіберілетін 10 қателік

 Қате ойлау – ол шын мәнінде жалған логикаға негізделген ойлаудың қалыптасқан заңдылығы. Соның кесірінен кейде өзімізді жаман сезініп, сәтсіздікке ұшырап жатамыз.

Не бүк, не шік болады

Осылай деген адамға орташа болу туралы ой келмейді. Ол «әрдайым», ешқашан», өмір бойы» деген сөздерді жиі қолданады. Енді ойланып көріңіз, мұндай ой басыңызға неге келді? Өзін «жүрген жеріме шөп шықпайды, жолым жабық» деп қабылдаған адам осылай ойлайды. Ал моральдық-этикалық мәселеде сіз бәрін тек ақ-қара, яғни не жақсы, не жаман деп қабылдайсыз. «Не бүк, не шік» деген ой перфекционизммен тығыз байланысты.

 Шектен тыс жалпылама қабылдау

Шамадан тыс жалпылама ойлаған адам болмашы оқиғаға, оқшау бір жағдайға жалпылама қорытынды береді. Мұндай адамдардың ойы туралы кең таралған мысал: «Бүкіл еркектер / әйелдер бірдей», «Әр нәрсеге қол жеткізу үшін тек күресу керек». Мәселен, жұмысқа тұра алмаса немесе жұбайымен ажырасса, «бәрі таныс арқылы, мен ешқашан жұмыс таба алмаймын» немесе «өзіме лайықты жарды ешқашан таба алмаймын» деп пайымдайды.

Ділдік сүзгі

Ділдік сүзгі дегеніміз – белгілі бір оқиғаның тек жаман жағын әсірелеп, жағымдысын сүзгіден өткізу. Осылай пайымдайтын адамдарға су құйылған ыдыс та толы емес болып көрінеді, сөйтіп пессимистік күйге оңай түседі. Жағымды, қуанышты дүниені байқамайды, байқаса да, мән бермейді. Ол ойлау қабілетінің қателігі. Егер сіз жиі осылай ойласаңыз,  дер кезінде өзіңізді тоқтатыңыз. Бұл жерде қате неде? Өйткені ондай адамның наным-сенімі «мен жақсылыққа лайықты емеспін» деген түпкі ойға негізделген. Сол себепті жақсылыққа сенбейді.

Асығыс жасалған тұжырым

Асығыс тұжырым - бұл өте аз мәлімет негізінде немесе жоқ жерден жасалған тұжырым. Көбінесе мұндай тұжырымдар жасаған адам жаман нәрсені болжайды және ол теріс әсер етеді, әсіресе басқалар өзі  туралы не ойлайтынына қатысты. Нәтижесінде өзін және айналасындағылардың сөзі мен іс-әрекетін, қылығын қабылдау қиындайды. Мысалы, егер күйеуі үйге кеш оралса, оның көңілдесі бар деп шешеді. Егер бөлмеге кіріп келгенде ол жерде отырғандар үндемей қалса, демек, «мені жамандап отырды» деп санайды.

Асығыс жасалған тұжырым одан әрі болжамға ауысады: «Таңертең менімен сөйлеспеді, өйткені мені жақсы көрмейді» немесе болашағын былай жорамалдайды: «бүгін емтиханды тағы тапсыра алмаймын». Мұндай «болжамдар» дұрыс емес, өйткені олар жалған тұжырымға негізделген.

Міндеттеуді бекіту

Көп жағдайда бұл өзге адамдар біздің жеке тәртібімізді бөлісуге «міндетті» деген пікір. «Менің жасаған жақсылығыма айналамдағылар риза болып, алғыс айтуға  «міндетті», «адамдар өзін тәртіпті ұстауы тиіс» деп санайды. Жеке ереже бізге сырттан келуі мүмкін, сондай кезде ол қысылып, өзін кінәлі сезінеді, мәселен: «мен университетке қайтсем де түсуім керек», «әке-шешемнің сенімін ақтай алмадым». Немесе өзін  қандай да бір әрекетке былай итермелейді: «мен бұл шаруаны өлсем де, тірілсем де кешке дейін бітіруім керек».

Егер сіз «істеуге тиіс», «міндетті» деген «қол шоқпарыңызды» тек өзіңізге пайдалансаңыз, онда өзіңізге мынадай сұрақ қойып көріңіз: тап сондай жағдайда бұл талапты жанымдай жақсы көретін адамға қоя аламын ба?  

Таңбалау

«Бәрі маған бұйыруы керек, әйтпесе өмірімнің құны көк тиын» деп, немесе шектен тыс қорытынды жасау – ойлаудың төтенше түрі. Бұл жерде асыра сілтейтін сөз бар болғандықтан, ол жағымсыз эмоция тудырады. Мысалы: «қателік жіберіп алдым» деудің орнына – «менің жолым болмайды», «мен жеңілдім», ал «ол өзін дұрыс ұстай алмады» деудің орнына «ол қырсық» дейді. Өзіне немесе басқа біреуді «таңбалап» тастағаннан кейін, өзінің жасаған қате  тұжырымына имандай сенеді. Мәселен, өзінің пікірімен келіспейтін әріптесін неғұрлым «ақымақ» деп айтқан сайын, оның ақымақ екеніне соғұрлым сенеді. 

Эмоциямен ойлау

Көптеген адамдар егер бір нәрсеге қатты таңданып, таң қалса, сол бастан кешірген сезімін дұрыс деп ойлап, тұжырым қорытады. Ондай адам сезінген күшті эмоциясын өз пікірінің дұрыстығымен түйсігі арқылы растайды. Бұл әсіресе жағымсыз эмоцияға қатысты жиі кездеседі. Сөйтіп «мен солай сездім» дегенді «мен білемін» дегенге келтіреді. Мысалы, бойын жаулаған қызғаныш сезімі  құрдан-құр пайда болмағанын, демек ол расында да «менің көзіме шөп салып жүр» деп қорытады. Сондықтан бұл өз ойының дұрыс-бұрыстығын ажырата алмау қателігінің күрделі түрі. Жағымсыз эмоциядан ойың да сан-саққа бөлініп, небір сұмдық ойлар басын жаулап алады. Сондай кезде: «Ашуға берілген сезімім  жаман ойға жетелеп тұрған болар?» деп ойлап көріңіз.

Даралау

Сырттағы жағымсыз бір оқиғаның себебін өзіңізден жиі көресіз бе? Оған жауап бере алмаймын дегеннен өзіңізді кінәлі сезінесіз бе? Көбісі қатты өкініп: «Иә, егер мен сөйткенде, бүйткенде...» - деп бармағын тістеп, шарқ ұрады. Бірақ іс жүзінде ол оқиғаға титтей де қатысы жоқ, сондықтан оған еш ықпал ете алмас еді. Сөйтіп даралаудың салдарынан өзін ыңғайсыз сезініп, іштей қысылып жүреді. Жеке даралау, яғни дербес ой көбінесе нарциссизм белгілеріне ұқсас. Өйткені ондай адам іштей өзін әлемнің кіндігіндей сезінеді. Оның себебі неде?

Басты себептердің бірі – өзіне соқтықпаған, жай сын айтқан адамның әр сөзін жүрегіне ауыр алатын нашар әдет. Мысалы, қызметінде менеджер ескерту жасады. Даралау ойы бар адам өзін «көрмегенді көріп» жүрген асқан шыдамды, жүйкесі мықты сорлыдай сезінеді. Соныңм салдарынан ол көбінесе өзін де, басқаларды да іштей айыптаумен болады. Бір апта ішінде өміріңізде болып жатқан жағдайларға кімді кінәлайсыз? Соны айқындаңыз. Сосын белгілі бір адамға немесе оқиғаға «кінәлілерді» 25 пайыздан асырмауға тырысыңыз. .

Қолайсыздыққа төзімсіздік

«Барлығы тап мен ойлағанымдай, мен қалағандай болуы тиіс, әйтпесе өмірім төзгісіз болады» – бұл қате ойлаудың бір түрі. Ішіңізден: «Мен бұған шыдай алмаймын ...» немесе «Мен ... төзімім жетпейді ...» деп қаншалықты жиі ойлайсыз? Бұл күйзеліс пен қатты ызаның күшті факторы. Қолайсыз жағдайға, жайсыз күйге түскенде шат-шәлекейі шығып, бұлқан- талқан болатын адамдар бар. Яғни, төзімсіз адам. Қатты күйзеліске түспесе де, болмашы қиындыққа, тосын туған жағдайларда, ұсақ-түйек сәтсіздікке тап болғанда төзімсіздігі байқалады.Бұл жерде келешегіне көз жүгіртіп, өмірдің қиын қияметіне түскендегі күйін салыстырмалы түрде пайымдағаны дұрыс. Мысалы,зілзала болды дейік, сонда гуманитарлық апат аймағындағы азық-түліктің ұзын-сонар кезегінде тұрғанда өзін қаншалықты бақытты сезінер еді?

Бәрі сұмдық! 

Көптеген адамдар кейбір ерекше оқиғаны немесе жағдайды сұмдық деп қабылдауға бейім. Аталмыш «сұмдық» ойын жою үшін өзінен: «Бұл шын мәнінде сұмдық па?» деп сұрауы керек. Бар мәселе – қате қабылдауда!  

Барлығын «сұмдық» деп қабылдайтын адам бір апта бойы басына келген ойларын қадағалап, бақыласа. Сол кезде:  «Мен шынымен солай ойлаймын ба? Құдай-ау, қандай ақымақ едім! ”  деп таңырқауы әбден мүмкін.  Сонда ғана ескі кедергілерден арылудың алғашқы сатысына аяқ басады.

Ойыңызды реттеңіз. Дұрыс ойлап үйреніңіз. Өйткені ойдан сөз туады, сөзден – әрекет, әрекеттен – қарым-қатынас, ал ол өз кезегінде бүкіл өміріңізді құрайды. Бақытты болыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.