{metadescription}
42500 теңге: ҚАШАН; КІМГЕ; ҚАЛАЙ

42500 теңге: ҚАШАН; КІМГЕ; ҚАЛАЙ

42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтінішті қашан, қалай береміз? Бұл жолы кімге беріледі, берілмейді? Өзін жұмыспен қамтығандар тағы да БЖТ төлей ме? Карантинде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкер 42 500 теңге ала ма? Студенттер мен декреттегі әйелдер қандай жағдайда жәрдемақы алады? Қандай порталдар жұмыс істейді? СМС алғандар өтініш жазбай-ақ 42500 ала ма? Жалған мәлімет бергендер қалай жазаланады? 

42 500 теңге әлеуметтік төлем кімге беріледі?

  1. Карантинде ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскер. Өтінішті жұмыс беруші жібереді. Шарт: жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана беріледі.
  2. Карантинде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатындар.
  3. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансер өтінішті өзі береді. Өтініш тікелей жіберіледі. Шарт: биыл 6 айдың ішінде бір рет болса да зейнетақы жарнасының аударылуы.
  4. Ай сайын тұрақты түрде БЖТ төлеп, жұмысы карантинде тоқтаған кәсіпкер.
  5. Өз бетінше жұмыс істеп жүргендер. БЖТ төлеудің қажеті жоқ, төтенше жағдай кезіндегі төлем ескеріледі. 

42500 теңге әлеуметтік төлем кімге берілмейді?

Мемлекеттің бюджетінен зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті төлем алып жүргендер 42 500 теңге алмайды.Олар бейресми жұмыс істеп жүргендер қатарына жатпайды.

Егер де олар ресми жұмыс істеп жүрсе, олар үшін жұмыс беруші өтініш бере алады.

Ресми жеке кәсіпкерлігі болса, жеке кәсіпкер ретінде де өтініш беруге мүмкіндігі бар.

ТЖ кезінде көп адам бірыңғай жиынтық төлем төлеп, бейресми жұмыс істегенін растады. Олардың 70 мыңға жуығы жұмыспен қамту шарасына тартылған. Егер олар қазір жұмыс істеп жатса, 42500 теңгені ала алмайды.

Жақында жұмыстан шығып кеткендер де 42500 теңгеге өтінім бере алмайды. Олар Жұмыспен қамту орталығына хабарласуы керек. Оларға ашық вакансия немесе басқа жұмыспен қамту шарасы ұсынылады.

Еш жұмыс лайық келмесе, үш күнде жұмыссыз ретінде тіркеледі және автоматты түрде Мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты басқа төлем бекітеді. Бұл жұмыссыздық төлемақысы 6 ай бойы беріледі.

Студенттер мен декреттегі әйелдер қандай жағдайда жәрдемақы алады?

Студентке жәрдемақы төленбейді. Бірақ студент жалданып жұмыс істесе, карантинде ақысыз демалысқа жіберілсе, оған жұмыс берушісі өтініш береді.

Студент жеке кәсіпкер болып, ай сайын БЖТ төлеп жүрсе, онда 42500 теңге алады.

Осы күнге дейін бейресми жұмыс істедім деп бір рет БЖТ төлеген студент 42500 теңге ала алмайды.

Декреттегі әйел баласы бір жасқа толғанша мемлекеттен немесе сақтандыру қорынан жәрдемақы алып жүр, оған 42500 теңге берілмейді.

Ал бала бір жастан асқан болса, жұмысқа шығып, карантинге байланысты ақысыз демалысқа жіберсе–– алады.

Егер оның жеке кәсіпкерлігі болып, тұрақты БЖТ төлеп, жұмысы тоқтап қалса да 42 500 теңге ала алады.

Өткендегі ТЖ кезінде бір рет БЖТ төлеп, бейресми жұмыс істегенін растаған әйелдер де 42500 теңге ала алады.

СМС алғандар өтініш жазбай-ақ 42500 ала ма?

42500 теңгені проактивті түрде тағайындау жолы қарастырылуда.

Наурыз-сәуірде 42500 теңгені алғандарға жағдайына қатысты сұрау жіберіледі. «Бұл жолы да табысыңыздан айырылдыңыз ба?» деген СМС.  «Иә» – өтінішсіз төлем тағайындалады. Онда өтініш бермейсіз, тек өз мәртебеңізді тексерсеңіз, «Сізге өтініш қабылданды» деп жазылып тұрады.

Өтініш беру

Жалдамалы жұмысшысына өтініш беретін жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберілген қызметкері үшін ғана өтініш береді.

Қашықтан, толық емес режимде істейтін, жалақысын толық алып жүрген қызметкерлерді қосуға болмайды. Оны аудандық штабтар тексереді.

Өтінішті екі порталда: egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы және 42500.enbek.kz порталында тіркеуге болады. Онда кәсіпорынның БИН-і мен әр жұмысшының ЖСН-ын көрсеткенде барлық мәлімет шығуы тиіс. Порталға кіргенде 20 қызметкердің өтінішін топтастырып жіберуге болады.

Ал жұмысшының өзі жіберген өтініш қабылданбайды. Ол  42500.enbek.kz порталында өз мәртебесін, өтініштің берілгені мен қандай сатыда қаралып жатқанын бақылай алады.

Жеке практикамен айналысып жүрген азамат өтінішті өзі береді. Ол екі порталға қосымша «Электронды үкіметтің» telegram-bot-тарын да пайдалана алады. Басқа азаматтар – жеке тұлғалар осы порталдар арқылы және Телеграм-бот арқылы өтінім бере алады. Шарт: жұмыстарының шын мәнінде тоқтап тұрғаны. Оны аудандық штабтар мен салық комитеті тексереді.

Өтініш қай күндері қабылданады?

17 шілдеден бастап, egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы және Телеграм-боттар.

Өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. 

Жалған мәлімет берген азамат жазалана ма?

Осы уақытқа дейін жұмыс істеп келіп, карантинге байланысты табысынан қағылған жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер санатына кірмейтіндер төлем алуға тырыспасын.

Порталдың төменгі жағында әр адам оқып, шектеу шараларына байланысты кірісінен айырылғанын растайтын белгіні белгілеуі тиіс. Сөйтіп мойнына жауапкершілік алады.

Егер тиіссіз адамдардың алғаны анықталса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатты кері қайтару туралы талап қояды.

Егер жұмыс беруші жұмысын тоқтатпаған қызметкерлер үшін өтініш берсе, ол – заңбұзушылық. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатты қайтару талабымен бірге, кәсіпорынды сотқа беруі мүмкін.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде