{metadescription}
Құс тұмауы адамға қауіпті ме?

Құс тұмауы адамға қауіпті ме?

Құс тұмауы қайдан келді, ол адамға қауіпті ме? Құстың етінен, жұмыртқасынан ауру жұға ма? Құстардың қырылуына байланысты құс еті мен жұмыртқа қымбаттай ма? Бес облыста тіркелген құс тұмауына байланысты елде жұмыртқа тапшылығы туындауы мүмкін бе?

Құс тұмауы бұл жолы қайдан келді?

Бүгінге дейін 25 аудан мен 5 облыста – 47 елдімекенде құс тұмауынан үй құстары қырылған. Жеке үйлерде 12 926 үй құсы, СҚО құс фабрикаларында 41 мың құс, 27 ауылда (11 ауданда) құстың қырылу фактісі тіркелген.

Құс тұмауы 23 елдімекенде (8 ауданда) расталды. Ал 17 қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстандағы жеті ауданнан және Айыртау ауылдық округінен құс өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салынды.

Тыйым салынған жеті аудан: Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев.

 

Құс тұмауы қайдан шықты?

Алдымен солтүстіктен оңтүстікке көшіп бара жатқан жабайы құстардың өлімі тіркелген. Ауру ортақ су қоймасын пайдаланудан келген. Зерттеуден кейін құстардың қандай диагноздан қырылғаны белгілі болды. Ол – жоғары патогенді құс тұмауы. Жабайы құстар: аққулар, үйректер, қарғалар , сауысқандар, көгершіндер. Осы құстардың алдымен қырылған. Бұл эпизоотиялық зерттеу жұмысында анықталды. Петропавлдағы орталық бақта қырылған қарғалар, сауысқандар мен көгершіндердің бәрін  жинап алып өртеген.

Құс тұмауы адамдарға жұға ма?

Әдетте құс тұмауының вирустары ауырған құстан адамға жұқпайды. Дегенмен кейбір жоғары патогенді штамдар адамдарда ауыр тыныс алу ауруын тудыруы мүмкін. Құс етін және одан жасалған өнімдерді тамаққа қолдану тиісті гигиена және тамақ дайындау ережелерін сақтаған кезде қауіпсіз саналады. Жақсы қайнатылған немесе қуырылған құс ешқандай қауіп төндірмейді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, құс етінен немесе жұмыртқасынан адамға құс тұмауы жұқпайды.

Вирус адамнан адамға тарамайды. Ауру жұқтырған құстардан адамдардың құс тұмауын жұқтыру жағдайы өте сирек кездеседі. Құс етінен немесе жұмыртқасынан адамға вирус жұққан жағдай мүлде тіркелмеген. Қазір елімізде құс тұмауын жұқтырған адам тіркелмеген. СҚО-да құс тұмауының өршуіне байланысты бір-бірімен қатынаста болған 400 адамның бәрі құс фабрикасында еңбек ететіндер. Барлығына медициналық бақылау енгізілді. Олардың жағдайы жақсы. Құс тұмауының тіркелуіне байланысты Қазақстан аумағында құс еті мен өніміне, сауда орындарында бақылау күшейтілді. Ветеринарлық анықтамалар мен құжаттардың бәрі тексерілуде.

Құстары қырылып қалған үй иесі өтемақы ала ма?

Құс тұмауынан шығынға батқан шаруа иелеріне мемлекеттен 400 млн теңге бөлінеді.

Эпизоотияға қарсы республикалық отряд қырылған құс үшін өтемақы төлейтін ресми ұйым саналады. Жыл бойы әкімдіктерде қырылған мал мен құстың нарықтағы құнын айқындап беретін арнайы комиссия жұмыс істейді. Әкімдіктердің шешіміне сәйкес эпизоотияға қарсы республикалық отряд аймақтың ветеринарлық қызметінен керекті материалдардың бәрін алып, құсы қырылған әрбір шаруа иесінің шотына өтемақы аударады. Егер құжаттардың бәрі дұрыс болса, өтемақы үш күннің ішінде түсуі керек. Бүгінгі таңда отрядта 390 миллион жинақталған. Осы сома жеке шаруашылықта бағылған және құс тұмауынан қырылған құстардың бағасының айқындалуымен өтемақы ретінде беріледі.

Өтемақы алу тәртібі:

  • Құсы қырылған шаруа иесі банктердің бірінен жеке шот ашады.
  • Шаруа иесі тұратын аудан әкімдігінің ветеринарлық қызметі қырылған құстардың утилизациялық актісін береді.
  • Әкімдіктердің жанынан құрылған арнайы комиссия әр аймақ бойынша үй құсының (тауықтың немесе қаздың, үйректің) орташа бағасын шығарады.
  • Эпизоотияға қарсы республикалық отряд тиісті мәлімет жинайды.
  • Жеке шаруа иесінің, мысалы, 10 бас құсы қырылса, онда сол аймақта белгіленген құстың орташа бағасы осы 10 құсқа көбейтіледі.
  • Шыққан сома үш күннің ішінде шаруа иесінің шотына түседі.

Құс еті мен жұмыртқа қымбаттай ма?

Құс еті мен жұмыртқа бағасы қымбаттамайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі солтүстік өңірде тараған құс тұмауының салдары қымбатшылыққа әкелмейді деп сендіріп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов:

Қазақстанда 35 құс асырау кешені жұмыс істеп тұр. Олардың қуаты ішкі нарықтың қажеттігін жауып бере алады. Олар сонымен бірге өнімін экспортқа да шығарады. Қазақстанның құс фабрикалары жылына 5 миллиард жұмыртқа өндіреді. Ішкі нарық 106 пайызға орындалып отыр, Жыл басынан бері елде жұмыртқаның бағасы бес пайызға арзандаған. Ал құс тұмауы шыққан Солтүстік Қазақстандағы бес құс фабрикасы жұмыртқа өндірумен айналысады.

Карантин шараларына байланысты екі құс фабрикасының қуаты төмендеп қалды. Алайда шектеу болғанымен, қалған құс фабрикалары өз қуатының есебінен бұл қажеттілікті жабады. Облыс бүгінгі күні жұмыртқа жағынан өзін-өзі қамтып отыр.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде