{metadescription}
Туысың қарызға ақша сұраса...

Туысың қарызға ақша сұраса...

Ақша жүрген жерде достық болмайды. Ақша жүрген жерде алаяқтық та болады. Ақшаға бола жақынымен ат құйрығын кесіскен жағдайлар өте көп.  Жақын туысыңыз немесе досыңыз қарызға ақша сұраса не істеу керек? Жоқ дей алмайсың, өйткені бар екенін біледі. Бермейін десең, ұят. Берейін десең, ертең қайтара алмаса, қатаң талап етіп, сәлемің  түзу адаммен жүз шайысқың келмейді. Сонымен не істеу керек? Бұл мәселеге заңгерлер қандай кеңес береді?

Шешімнің екі-ақ жолы бар: біріншісі – «жоқ» деп, ақша беруден бас тарту.

Екіншісі – қарызды қолхат жазғызып алып, бір-ақ беру.

Біз ақша беруден бас тартсақ, осы адаммен қарым-қатынасымыз бұзылады деп қорқамыз. Бірақ ақша бергеннің өзінде қарым-қатынас нашарлауы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Сол себепті, қайтарылмай қалса, үлкен тығырыққа тірелтпейтіндей, бюджетіңізді ойсыратпайтындай, алға қойған мақсатыңызға үлкен кедергі келтірмейтіндей – жапа шеккізбейтін соманы беріңіз.

Егер ақша қарызға ақша беруді ұйғарсаңыз, міндетті түрде жазбаша қолхат жасаңыз. Көп адамдар жақын досы мен туысынан ақша алу үшін қолхат сұрауға ұялады. Дегенмен өмірдің өзгермелі екенін түсінуіміз керек және барлық бүге-шігесін алдын ала болжау мүмкін емес. Осыған байланысты, кейін сот талқылауында талабыңызды дәлелдей алатындай жағдайда ақша берген жөн.

Қолхат әрқашан ақшаны қарызға алған адамның қолымен жазылады. Сондықтан  қолхат жазуға бос парақ, қалам мен екі тараптың жеке мәліметі жеткілікті.

Қолхатта мына ақпараттар міндетті түрде жазылуы тиіс:

1. Жазылатын құжат "қолхат" деп аталуы керек.

2. Екі тараптың жеке мәліметі жазылуы керек. Яғни қысқартусыз, толық аты-жөні, құжат нөмірі, ЖСН, туған күні және екі тараптың тіркелген мекенжайы көрсетіледі.

3. Қарыз сомасы сан түрінде және жазбаша көрсетілуі керек.

4. Қолхатта ақшанын не себепті алынып жатқаны көрсетілуі керек.

5. Мәтінде ақшанын алынғандығы туралы жазылу керек.

6. Осыдан кейін біз ақшаның қай күнге дейін қайтарылатынын жазамыз.

7. Төменде қарыз алушының қолы, толтырылған күні және мекенжайы жазылады.

8. Қосымша куәлердің болғаны дұрыс және олар қолхатқа толық аты-жөнін жазып, қол қояды.

Сонымен қатар, қарызға ақша берудің ең жақсы тәсілі – қолхатты нотариустың қатысуымен куәландыру. Оның қолы құжаттың түпнұсқа екеніне кепіл береді.

Алда-жалда қарыз қайтарылмай, дау-жанжал туып сотқа дейін жетсе, талқылауда нотариат куәландырған қолхат қосымша сараптама мен басқа да тексеруді талап етпейді.

Жоғарыда жазылғандай, ақшаның қарыз алушымен алынғандығы нақты «осындай соманы алдым» деп өткен шақта көрсетілуі керек. Себебі, сот тәжірибесінде қолхат жазылғанның өзінде де, ақша алу фактісін дәлелдеу қиынға соғып жатыр. Ақша алған адам қолхат жасадық, бірақ ақшасын алмадым деп мойындамауы мүмкін. Осындай жағдай болмас үшін айтылған пунктілерді дәлме-дәл орындаған жөн.

Ескерту: Ақшаны қарызға бергенде оны бизнеске, не банкке салып, яғни  айналымға сала алмайсыз. Сонымен қатар, ақшамды қашан қайтарады деп үнемі алаңдайсыз. Қарыз бермес бұрын осындай жайттарды есте сақтаған жөн.

Қолхат бойынша қарызды қалай дұрыс өндіріп алуға болады?

Таир Назханов, адвокат:

Қарызды қайтару мерзімі келгенде борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгінуге болады. Бірақ ақша қайтарудың басқа қысқа мерзімін белгілей отырып, жазбаша түрде өтінішпен жүгінген жөн.
Егер осы жолы сіз қарызыңызды ала алмасаңыз, сотқа жүгінуден бас тартпаңыз.

Сотқа талап қою кезіндегі мемлекеттік баж қарыздың бір пайызын құрайды.

Сонымен бірге бұл шығындарды сот өтейді.

Ешқашан қорқытпаңыз! Іс жүзінде қылмыстық істе борышкердің  жәбірленушіге айналған жағдай жиі кездеседі.

Материал Nazkhanov and Partners фирмасы заңгерлерінің кеңесіне сүйеніп жазылды.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.