{metadescription}
Өмірден күдерін үзген адамға не істей аламыз?

Өмірден күдерін үзген адамға не істей аламыз?

Суицидке итермелейтін бірден-бір себеп не? Өз-өзіне қол салу – түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындай ма? Қайғылы оқиғаға не алып келеді, не түрткі болады? Суицидке бейім адамды қалай анықтауға болады және оған қалай көмек берген дұрыс?

Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында үнемі түсініспеушілік орын алып жатса, ата-ана баласын түсіне алмаса, күйеуі әйелін түсінбесе немесе керісінше, жақын жандардың бір-бірін түсінбеуі суицидке алып келеді дейді Қазақстан психоаналитиктері.

Психиатрия, психотерапия және наркология бойынша республикалық ғылыми-практикалық орталығының дерегінше, Қазақстанда жылына шамамен 3 мыңдай суицид оқиғасы болады екен.

Әлдекім «маған өмір сүрген ұнамайды», «өмір сүргім келмейді» деп айта бастаса, бұл – сол адаммен әңгімелесу керек дегенді білдіретін бірден-бір белгі.

Ол адамның психолог, психотерапевтке бара қоюы екіталай. Сондықтан таныс адамыңыздың қатты күйзелісте, дағдарыста жүргенін білсеңіз, оның өмірден көңілі қалғанын байқасаңыз, қалай әрекет еткен жөн? Мамандар  мынадай кеңес береді:

 1.  Егер ол адам жеке басында болып жатқан қиын мәселесін сізге айтып бөліссе, одан қашпаңыз. Тіпті уақытыңыз аз болса да, тіпті оның жағдайы сізді таң қалдырса да, тіпті сіздің оған ешқандай көмек бере алмайтыныңызды түсінсеңіз де, оған көңіл бөлуге мұршаңыз да, құлқыңыз болмаса да – асықпай, зейін қойып тыңдаңыз;  

2.  Егер ол адамның өмірмен қош айтқысы келетінін түйсігіңізбен сезсеңіз – оны елеусіз, назардан тыс қалдырмаңыз;  

3.  Оның жағдайын біле тұра, оның қолынан келмейтін нәрсені ұсынбаңыз, істеткізбеңіз;  

4. Оған көмектескіңіз келетінін шын ниетіңізбен білдіріңіз, егер қандай да бір ақпарат оның қауіпсіздігіне ықпал ететін болса, бар нәрсені құпия ұстаудың қажеті жоқ сияқты деп айтып көріңіз;

 5. Онымен сөйлескенде сабырлы болыңыз. Ол не айтса да, кінәламаңыз, айыптамаңыз;  

6. Шын пейіліңізбен сөйлесіңіз, қауіптің қаншалықты үлкен екенін болжаңыз: суицид туралы мәселе шын мәнінде өзіне қол салуға әкелмейді, негізінде ол, яғни суицид туралы ойлар өзінің проблемасының қаншалықты қиын екенін анық түсінгенінен бойы жеңілдеп қалуына септігін тигізеді;  

7. Оның іс-әрекет ету жоспарын жәймен сұрап білуге тырысыңыз, өйткені нақты жоспар – қауіп-қатердің айқын белгісі;  

8. Көмек сұрауға болатын нақты бір адам бар екенін айтып, соған сендіріп, көндіруге тырысыңыз;  

9. Жеңіл, ықшам, оңай шешім ұсынбаңыз;  

10. Оны титтей де кінәламайтыныңызды мейілінше ұқтырып, түсіндіріп, оның ішкі сезімі туралы асықпай әңгімелескіңіз келетінін айтыңыз;  

11. Негізі қатты стресс – болған жағдайды толық түсінуге үлкен кедергі келтіретінін түсіндіруге тырысыңыз. Ақырындап, жәймен, қандай шешім шығаруға болатынын ойластырып, бұл қиын жағдайды қалай қолға алып басқаруға болатыны жөнінде онымен бірге ақылдасыңыз;  

12. Оның күйзелісін жұмсартуға көмек бере алатын адамды тауып беруге талпыныңыз. Оны күйзелістен шығара алады-ау деген жерлерге апарыңыз;

13. Титтей де мүмкіндік туа қалса, оның тұңғиықта қалған жан-дүниесіне көмескі болсын сәуле түсіруге  әрекет етіңіз. Бұндай тығырыққа тірелген жағдай мәңгі болмайтынын, бүгін күн батса, ертең таң ататынын, бүгін найзағай жарқылдап, жауын болса, ертең жарқырап күн шығатынын айтыңыз.

СТАТИСТИКА

2021 жылдың төрт айында Қазақстанда 53 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға көп.

Бір ерекшелігі, арасында ер адамдар көбірек. Мәселен, биыл өзін-өзі өлтіргендердің 659-ы ер адамдар. Бұл ерлердің көпшілігі 35-44 жас аралығында (141). Өз-өзіне қол жұмсаған әйелдердің көпшілігі 45-54 жас аралығындағылар (31 жағдай). Өткен жылы өз-өзіне қол жұмсағандардың дені ер адамдар (589 адам).

Суицид қалай жүзеге асты? Неліктен және қандай жағдайда?

2021 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 834 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсаған.
 

  • 625 қазақстандық өз-өзіне ес-түссіз күйде қол жұмсаған;
  • 178-і мас күйде;
  • 30-ы әртүрлі психикалық ауру күйінде;
  • 2 азамат уытты зат қабылдаған күйде.

СЕБЕПТЕР:

  • 29 адам жалғыздықтан;
  • 29 адам қиын қаржылық жағдайға байланысты (банкроттық, қарыз);
  • 5 адам тұрмыстық жағдайының нашарлығына байланысты:
  • 5 адам туыстарымен жанжалдасу салдарынан;
  • 3 адам жұбайымен жанжалдасқаннан;
  • 7 адам отбасылық қатынастың үзілуіне байланысты (ажырасу);
  • 15 адам ауыр соматикалық аурудан;
  • 3 адам жақынынан айырылғанынан, жақының қайтыс болуынан;
  • 1 адам әлеуметтік мәртебесін (беделін) жоғалтқанынан;
  • 1 адам жазалаудан қорқып, ар-ұяттан, масқара болудан;
  • 253 адамның өлімінің себебі анықталған жоқ.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде