{metadescription}
Шерхан Мұртаза Кеңсай зиратына жерленетін болды
Шерхан Мұртаза Кеңсай зиратына жерленетін болды

Шерхан Мұртаза Кеңсай зиратына жерленетін болды

Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаны ертең Алматыдағы Әуезов театрында ақтық сапарға шығарып салады. Марқұм Кеңсай зиратына жерленеді. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың қабырғасын қайыстырған ауыр қазаға байланысты қаламгердің отбасы мен жақындары көңіл айтты. Президент жолдаған жеделхатта «Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін» деп жазылған.

Қайғыдан қабырғасы қайысқан қазақ жұрты Шерхан Мұртаза дүниеден өтті дегенге әлі сене алар емес. Бірақ, өзекті жанға бір өлім  екенін шарасыз түйсінген көпшілік Шерағаңмен бірге шырылдаған шындық та көзден бұлбұл ұша ма деп қаймығады.

Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы:

-Шерағаңды тұтас бір дәуір деп айтуға болады. Бір кезеңдер кетіп бара жатыр. Былайша айтқанда, шындық кетіп бара жатыр деп айтуға болады. Әлихан Бөкейхановта сөз бар ғой, ұлтқа қызмет ету білімнен емес,  мінезден деген. Сондықтан Алла тағала Шерағаңа мінезді берді. Сондықтан мінез арқылы Шерағаң өнер жасады.

Қазақ журналистикасында «Шерағаңның шекпенінен шықтық» деген тіркес бар. Себебі, Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеті, «Жалын» альманағы және «Жұлдыз» журналын басқарған жылдары қаншама сөз зергерінің жолын ашып, қанаттандырды. Баспасөзді идеялық тұрғыдан түрлендіріп, саптыаяқтың сабына қарауыл қойған шақта шындықтың жүзіне қаймықпай тура қарады. Кезінде "халық жауы" атанған Мұртазаның баласы осылай қаламды қару етті. Мұның барлығы туған жері киелі Жуалы топырағынан бойына дарыған асыл қасиет болатын.

Әлижан Мұртаза, Шерхан Мұртазаның туысы:

-Ең соңғы рет былтыр жазда келіп кетті. Оның өзінде жағдай онша емес, ауруы меңдеген кезі болатын. Сағынышын сол дауыстап айтпаса да көзқарасымен білдіріп, сол соңғы келуі екен ғой.

Шығармашылық жолын, өзі айтқандай, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистикадан бастаған Шерхан Мұртаза әдебиетте қадау-қадау туындылар   қалдырды. Өзгесін айтпағанда, халық жазушысының Тұрар Рысқұловтың өмірін арқау еткен «Қызыл жебе» және өзі жайындағы «Ай мен Айша» романдары қазақ руханиятының асыл қазынасына тең. Ал оның Парламент қабырғасында жүрген шағында ел мен жердің тағдырын ту етіп, қысастыққа көрсеткен табанды қарсылығы әлі күнге дейін жұрттың жадында.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

-Ана тілі үшін күрескен адам. Жердің тұтастығы үшін күрескен адам. Қашанда азаматтық позициясынан айнымаған алаштың арыстаны еді бұл кісі. Тәуелсіздіктің туының нығаюына бар жанын салып қызмет еттті. Қаламымен де, еркін сөзімен де, тілімен де.

Енді шындықтың шырақшысы ақиқат алдаспанын кімге аманаттап кетті деген сұрақ бәрімізді мазалайтыны сөзсіз. Бәлкім, өзі айтқандай, "бір кем дүние" деген осы шығар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде