Қан қысымы көтерілген троллейбус жүргізушісі екі көлікті қағып, бір адамды мерт қылды
Алматыда троллейбус қаққан ер адам қаза тапты. Аталмыш қоғамдық көлік жүргізушісінің қан қысымы көтеріліп, тізгінге ие бола алмай қалған. Сөйтіп ол жол жиегіндегі екі автокөлікке соғылған. Сол сәтте тротуардағы жаяу жүргіншіні қағыпты. Жас жігіт оқиға орнында мерт болды. Троллейбус паркі марқұмның отбасына өтемақы төлемек.
Автор: Әсем Қабылбек
06.01.2020
Людмила Қабдірахманова, «Алматыэлектротранс» ЖШС көлікті қолданысқа беру бөлімінің бас маманы:
- Троллейбус жүргізушісі 2002 жылдан бері бізде еңбек етіп келеді. Тәжірибесі мол. Талай рет арнайы курстан өткен. Таңертең жұмысқа шығар алдында олардың денсаулығын мұқият тексереміз. Троллейбус паркінің атынан марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
Оқиға кеше кешкісін Сәтбаев көшесінің бойында болған. Троллейбустың 55 жастағы жүргізушісі Розыбакиев көшесіне бұрылған сәтте жол жиегіндегі екі автокөлікке соғылып, бір жаяу жүргіншіні қағады. Жас жігіт ауыр жарақаттан сол жерде жантәсілім етті. Жаншылған автокөліктің бірі марқұмға тиесілі болып шықты. Қан қысымы көтерілген 12-ші бағыттағы троллейбус жүргізушісі қазір ауруханада ем-дом алып жатыр. Дәрігерлердің пайымынша, науқастың естен тануына асқазан ойығындағы жараның қанауы әсер етіпті. Артынша есінен танып, бұл жағдай жол апатына себепкер болған.
Мұса Сақыпов, №7 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім жетекшісі:
- Қан қысымы түскен соң, қан кеткен. Хирургтардан кеңес алып, фиброгастродуоденоскопия жасалып синдром МэллроиВейс қан кетуімен асқынған, сондай диагнозбен жалпы хирургия бөліміне жатқызылды. Қазір науқастың жағдайы орташа ауырлықта.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!