Рейд! Алматыда студенттер жатақханалары адам шошырлық жағдайға жеткен
Алматыдағы жекеменшік оқу орындарының жатақханалары адам шошырлық жағдайға жеткен. Ғимараттардың көбі санитарлық талапқа сай келмейді. Әлеуметтік желі мен ресми сайттарда кез келген адам келіп тұруына болады деген жарнама бергендер де бар. Бұған студенттер үйін жаппай тексеруді бастаған «Жас отан» мүшелерімен бірге тілшіміз көз жеткізді.
Автор: Салтанат Шырынхан
07.02.2020
Алматыдағы Қайнар университетінің білім алушыларына арналған жатақхана. Студенттердің шынайы тұрмысымен танысуға мұнда бір күн бұрын ескерту жасалған. Сонда да мұндағылар сау етіп кіріп келген қоғамдық бақылаушылар мен журналистерді көргенде тосырқап қалды. Жатақхананың кемшілігі мен олқылығы орасан екен. Студенттер тар бөлмеге электр пешін қойып ас дайындайды.
Жеңіс Жұмабеков, жатақхана меңгерушісі:
- Плитка бізде бәрі ортақ, көріп тұрсыздар. Қайдан шығарғанын білмеймін.
Студенттердің күнделікті жуынып-шайынуына, сабақ оқуына да жағдай жасалмаған. Ақылы оқитын олар аядай бөлмеде алты адамнан сығылысып тұрады. Студенттер үйін жалдамалы пәтерге айналдырмақ болған көрінеді. Өйткені ғаламторда бөлмелердің айына 25 мың теңгеге жалға берілетіні жайында хабарландыру жүр. Ал жатақхана меңгерушісі бұдан хабарсыз екен.
Жеңіс Жұмабеков, жатақхана меңгерушісі:
- Мен хабарлама берген жоқпын. Жана айтып тұр. Соны маған көрсетіңіздерші. Қай күні, қай уақытта берілді? Ол туралы хабарым жоқ.
«Алматы» университетінің жатақханасындағы жағдай да мәз емес. Бір көргеннен бұл жер студенттердің емес, қараусыз жүрген қара жұмысшылардың мекеніне көбірек ұқсайды. Күрделі жөндеу көрмеген ғимаратта студенттер тұрып жатыр. Аядай бір бөлмеге 8 адам жайғасқан. Есік-терезесі қирап, қабырғасы сыз тартып тұр. Тіпті еден де төселмеген. Ал бұған студенттер ай сайын 10 мың теңгеден ақы төлеуде.Жатақханаға жауаптылар да жауаптан жалтарып, « бір жылдан бері жалға алып келе жатырмыз» деуден ары аса алмады.
- Сіздердің мақсаттарыңызды түсіндік.
- Жоқ, қараңыз, мысалы, адам мына жерге отырады, иә?
- Тамақ ішеді, жарайды, түсінікті...
- Бірақ мына жерде аяқ киім тұр ғой.
Студенттер үйіндегі отыратын орындық пен төсектің түрінен адам шошиды. Төменгі қабаттан қайтарғысы келген меңгерушінің әрекетін тексерушілер әшкере қылды.
Мәди Ахметов, Jas Otan жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы:
- Қатаң бақылауға аламыз. Жай қалдырмаймыз. Жергілікті және министрлік тарапынан да жазамыз. Ұсыныс ретінде, жоғарғы оқу орындары лицензиясын алатын кезде міндетті түрде жатақханасының жағдайын көрсету қажет. Егер талапқа сай келмесе, онда ол ЖОО-на заң жүзінде лицензиясы берілмейді.
Жастар ай соңында құзырлы органдармен бірігіп, ЖОО ректорларын жинап, тексерудің нәтижесін көрсетпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!