«Ақылды қала» Ақкөлдің тұрмысы неге жеңілдемеді?
ІТ технология тұрмысты неге жеңілдетпеді? Ақкөл қаласының тұрғындарын осы сұрақ көптен мазалап жүр. Өйткені Ақмола облысындағы бұл елдімекеннің «елдегі ақылды қала» деген дардай статусы бар. Бірақ, сол заманауи дүниелер тұрғындардың тұрмысын түзей алмапты.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
23.11.2020
Дегенмен технология атаулы атқарушы биліктің шаруасын айтарлықтай азайтқан. Мәселен, ақылды қалада қуыс-қуысты аңдып тінткен тәртіп сақшыларын, пәтер жағалап төлем квитанциясын таратып жүрген мамандарды көрмейсің. Барлығын смарт жабдық тындырады. Қазақстандағы «ең ақылды қаланың» тұрмысымен тілшіміз танысып қайтты.
Екі жылдай бұрын Ақкөлге ақылды қала мәртебесі берілген еді. Ақылды технологияларға 2 жарым миллиард теңге жұмсалды. Заманауи смарт-технологиялардың нәтижесінде жергілікті тұрғындардың өмірі жеңілдей түсуі тиіс еді. Алайда бұл игілікке әзірге тек жергілікті билік қана қарық.
Ақылды қаланың айшығы болсын дегені ме, кентке кіреберістегі жарқ-жұрқ еткен – экранда озық технологияларға иек артқан Ақкөл азаматтарының жарқын өмірінен хабар берер бейнероликті қосып қойыпты. Күре жолмен қала ішіне еніп кеттік. Баған бастарына қыстырылған жалғыз көз камераларға еріксіз назарың ауады. Ақылды қаланың бұл да бір белгісі екен. Бірақ қала тұрғындары «ақылды» деген сол статусқа түк риза емес.
- Қалай тұрдым, солай тұрып келем. Еш өзгеріс жоқ. Жақсарған да, жаман болған да ештеңе жоқ.
Қалашықта жер үйін сатуға қойғандардың көптігін байқадық. Меншік иелерінің бірімен сөйлесудің сәті де түсті. Кенттің «ақылды» деген мәртебесін бұлдағаны ма, тұғыры өткен ғасырда қаланған бұл үйлердің құны кейбір облыс орталықтарындағы бір бөлмелі пәтердің құнымен пара-пар. Бірақ бұлар да ІТ-технологиялардың игілігін әлі сезбеген.
Александр Кара, Ақкөл қаласының тұрғыны:
- Орталықтандырылған жылу жүйесі болса, жер үйді сатпас едік. Жылда отын дайындаудан қажыдық. Ақылды технологияның пайдасын көріп жатқаным жоқ. Пайдасы бар да шығар, бірақ жылу жүйесі болмаса, ақылды деген атағынан не қайыр?
Ақкөлге «ақылды» жабдықтар енгізілгелі 70-тен астам камера орнатылған. Одан бөлек әр пәтердің электр, жылу шығынын есептейтін жабдықтар да бар. Оның барлығы смарт орталықта қадағаланады. Негізі бұл жасанды интеллектің мүмкіндігі көп. Ал кәдеге жарап жатқан көлемі 50 пайызға да жетпейді екен.
Андрей Кирпичников, «Smart Aqkol» орталығы директорының орынбасары:
- Смарт жүйенің мүмкіндігін кеңейту билікке қажет қызмет түріне байланысты. Қазір орталықтың көмегіне, әсіресе әкімдіктер, полиция, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері көп жүгінеді. Бізге қандай тапсырма беріледі, сол бойынша электронды жүйенің жұмысын да күрделендіреміз, яғни оның мүмкіндігін пайдалану арта түседі.
Екі аялдама да екі жыл бұрын Ақкөлде «ақылдылық» мәртебесімен бірге орнатылған. Күннің жайсыз райында пана, смартфоны отырып қалғандарға қуаттандыру мүмкіндігі де қарастырылыпты. Бірақ смарт аялдама есігінің шынысын бұзақылар шағып кетіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары