Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Кино үйі Қазақстан кинематографистер одағына қайтарылды
Түнгі клубқа айналып тоз-тозығы шыққан Алматыдағы әйгілі Кино үйі Қазақстан кинематографистер одағына қайтарылды. Киногерлер сол үшін екі жарым жыл сот жағалаған. Одақтың бұрынғы басшылары кезінде ғимаратты жалға беріп жіберіп, бір күнде ол гей-клубқа айналып шыға келді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.11.2020
Тарихи нысанның қазір сау-тамтығы қалмаған. Ал үлкен айқаймен қайтқан ғимаратты қалпына келтіруге енді қыруар қаржы қажет.
Асанәлі Әшімов бастаған актер, режиссер және сценаристер Кино үйін әбден сағынған. Бүгін сол сағынышын басуға келіпті. Алайда іштегі көріністі көріп, кино майталмандарының төбесінен жай түскендей болды. Өйткені ұлттық киноның тарихы бар ғимараттың тас-талқаны шыққан. Ішінде не жарық, не жылу да жоқ.
Бұл жерде 400 орындық кинозал болған. Жаңа туындылардың премьералары, шығармашылық кештері мен шеберлік сыныптары өтетін. Ал қазір кинозал қоймаға ұқсап тұр. Жалға алушылар үлкен экраннан бастап бүкіл техниканы бүлдіріп, қиратып, ойына келгенін істепті.
Ғимаратты қайтаруға киногерлердің екі жарым жыл сот жағалауына тура келген. Еске салсақ, кезінде одақтың экс-төрағаларының бірі нысанды жалға беріп, ол бір сәтте түнгі клубқа айналған. Содан бастап Кино үйі өз мақсатында пайдаланылмады. Кейін жалға алушылар бірнеше рет ауысқан. Соңғысы ғимараттың астан-кестеңін шығарған. Одақ мүшелері енді солармен соттасып жүр.
Ермек Тұрсынов, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы:
- Бұл жолы сот ғимаратты ашып беріңдер деген шешім қабылдады. Үш рет аудандық сотта жеңдік. Содан кейін апелляцияға бергеннен кейін екі рет қалалық сотта жеңіп шықтық. Толық жеңдік деп айта алмаймыз. Бірақ бір төбелесті жеңіп алдық. Соғыс әлі жалғасып жатыр.
Сағызша созылған іс Қазақстан кинематографистер одағын тығырыққа тіреген. Өйткені ұйым бар болғанымен, оның мүшелері жұмыс істейтін орын жоқ. Бұл еліміздегі кино саласының дамуына әсер етпей қоймайды.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
- Мұндай орталық творчествоның адамдарына керек. Сценарий талқылауға, ойын айтуға. Сол кездегі жұмыстардың сапалы шығуы да осындай кездесулердің әсері болды, кино үйінің әсері болды. Кешке жақын әңгімелесуге осы жерге келуші едік.
Одақпен соттасып жатқан жалға алушылардың өкілі тілшілермен тілдесуге құлықсыз. Десе де қарсы тараптың оңайлықпен берілгісі келмейтін сыңайлы. Себебі, енді Жоғарғы сотқа жүгінбек. Киногерлер әрең қол жеткізген нысанды бұрынғы қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Бірақ мәселе қаржыға тірелейін деп тұр. Өйткені Қазақстан кинематографистер одағының қорында қос қабатты ғимаратты жөндеуге жетерлік қаражат жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram