21 мың жаңажылдық дастарқанға жете ме? КТК тілшісінің репортажы
21 мың теңге жаңажылдық дастарқан жаюға жете ме? Ұлттық банк сарапшылары мерекелік дастарқанның бағасын осы шамада есептеп шығыпты. Нақтырақ айтқанда, 21 мың 108 теңгеге төрт адамға ет асып, тіпті қазы-қартаға тойғызуға болады екен.
Автор: Аруна Ортай
24.12.2020
Ас мәзірінде шампаннан бастап түрлі тәттілер де бар. Бас банк сарапшылары айтқан тізіммен тілшіміз дүкендерді аралап, мерекелік дастарқан әзірлеп көрмек болды.
Жұрт мерекеде «не жеп, не қояды?» деп есептеген Ұлттық банктің білгіштері айды аспаннан келтіріп, төрт адамға 21 108 теңгеге жаңажылдық дастарқан жаюға болады деп отыр. Ал осынша қаржыға есептелген ас мәзірінен тіпті ес танады. Ішінде еті, жемісі, көкөнісі, тіпті қазы-қартасы мен коньяк, шампаны да бар.
- Соларға 21 108 теңгеге төрт адамға дастарқан жайшы ал деп, беттеріне қарап отырсаң шіркін!
Бұл тізімді көріп, Тараз тұрғыны Мөлдір Нұрланқызы 21 мың теңгесін алып, бірден базарға тартқан. Келіншек азық-түлік бағасы арзандап қалды ма деп ойлаған.
Мөлдір Нұрланқызы:
- Етті қаншадан есептеп отыр екен? Маған сол қызық, әрине, күлкілі жағдай! Өздері осындай сомаға дастарқан жая ала ма? Ол сомаға Жамбылдың жерінде, арзан дейміз ғой, мұнда ештеңе жеткізе алмайсың!
Базардағы баға расымен де өзгеріпті. Ақтөбе тұрғыны Әлия Нұрмағанбетованың айтуынша, жаңа жыл алдында азық-түліктің құны біршама шарықтаған. Әсіресе мерекелік дастарқанның сәнін ашатын жеміс-жидек пен тәтті сусындар едәуір қымбаттаған.
Әлия Нұрмағанбетова:
- Барлық азық-түлік қымбаттады. Ет аласың, жақсы еттің келісі 2-2500 теңге аралығында. Қазы аласың, қарта аласың. Күні кеше тапсырыспен алдырған жеміс-жидек бағасы, жүзімді алсақ, келісі – 890 теңге.
- Күн сайын ет сатып ала алмайсың! Айына, аптасына бер рет қана!
Ал қарағандылықтар жылқы еті айына тек бір рет жеуге болатын нағыз жеңсік асқа айналды дейді. Себебі, бір келісі 2600 теңге деп тұр. Ал қазы үш мыңнан асады. Ұлттық банк айтқан кәмпиттер мұнда 1950 теңгеден сатылып жатыр. Вафлидің өзі, әне-міне, еттің баағсына жетейін деп тұр. Бір қорабы 1200 теңге. Апельсин – 900, ал мандарин сиыр етінің бағасымен бірдей – 1500 теңге.
Алматыдағы қарапайым саналатын азық-түлік дүкендерінің бірі. Ұлттық банк айтқан тізіммен азық-түлік сатып алып көрейік.
Алматыдағы азық-түлік дүкендері жаңа жыл алдында жаппай жеңілдік жасаған. Бірақ соның өзіне қарамастан, себетін аузы-мұрнынан толтырып алып жатқан жұрт жоқ. Жаңажылдық басты жеміс – мандариннің келісі – 1000, жылқы етінің жарты келісі 2300 теңгеге шықты. Нәтижесінде 21 мың теңге азық-түліктің жартысына да жетпеді. Бір данадан алғанның өзінде қазы, ет, мандарин, банан, коньяк, шампан, тағы басқасы 21 108 теңгеден асып кетті. Ұлттық банк бұл ақшаға тағы салат пен көкөніс, бауырсақ пен тәтті бәліш сатып алуға болады деген. Банкирлердің бұл бағаны қайдан алғаны белгісіз...
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары