Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Алматыда самокаттан құлап жарақат алғандар көбейген
Алматыда самокаттан құлап жарақат алғандардың саны көбейген. Дәрігерлер көктем басталғанда қос дөңгелекті көлік құралының кесірінен аяқ-қолы сынып, бет-аузы сырылатындар бірінен соң бірі ауруханаға түсіп жатыр дейді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
30.03.2023
Аарасында электрсамокат қағып кеткен науқастар да бар. Урбанисттер қалада веложолақтың санын арттырып, самокат тізгіндейтіндердің емін-еркін қозғалуына мүмкіндік жасалмаса, оқыс оқиғалар азаймайды деп отыр. Себебі шаһарда осы экологиялық көлік құралына сұраныс артып, оны жалға беретін компаниялар да қаптады.
Алматыда самокаттан құлап, аяқ-қолы сынған, бет-аузы сырылған жандар соңғы уақытта күрт көбейген. Осы айда қаладағы бір аурухананың өзіне қос дөңгелекті көлік құралының кесірінен жарақат алған тоғыз адам түсіпті. Арасында электрсамокат қағып кеткен науқастар да бар. Ал дәрігерлердің көмегіне жүгінбей, өздігінен емделетіні қаншама.
Ашур Гусейнов, №7 клиникалық аураханасының травматологы:
- Қолаяқ жарақаты бар, бас, омыртқа жарақаты бар. Осы науқастардың түскені наурыз айынан басталды. Неге? Күн жылынды ғой. Көліктермен соғысады, ондайлар да болады. Сол жарақаттар өте қиын. Сыныққа дейін cәл қалған науқастар түсіп жатыр.
Күн жылынғанда көшеде самокатпен зулайтындар қаптайды. Кептелістен көз ашпайтын шаһарда осы көлік құралына сұраныс артып келеді. Оны жалға беретін компания да көбейген. Бірақ тұрғындар электрсамокаттың қозғалысы мен жылдамдығын шектейтін ереже қабылдамаса, оқыс оқиғалар одан сайын жиілейді деп отыр.
Мағиса Құнапияқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Осы самокаттың кесірінен жолкөлік оқиғасы көбейіп кетті. Жас балалар, оқу жасындағы және мектепке дейінгі балалар жолдың шетімен кетіп бара жатқанда қағып кететін жағдайлар бар. Сондықтан бұған ереже керек деп ойлаймын. Неше рет қағып кете жаздады өзімді. Жалпы, қауіпті.
Ішкі істер министрлігі бірнеше жыл бұрын самокат тізгіндегендерге арналған жаңа ереже енгіземіз деген болатын. Алайда ведомство өкілдерінің бастамасы әлі жүзеге асқан жоқ. Көліктен самокатқа көшкен Темірлан Боябаев амалдың жоқтығынан жаяу жүргіншілер жолына шығамыз дейді. Себебі, шаһардың көп көшесінде веложолақ салынбаған.
Темірлан Бояубаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бізге жағдай жасалмаған. Арнайы жолақ санаулы көше де ғана бар. Ал трассаға шығу өте қауіпті. Көліктер кез келген уақытта қағып кетуі мүмкін. Сондықтан адамдар жүретін жермен қозғаламыз. Керісінше, біздің өмірімізге қауіп төнеді.
Урбанистер арнайы жолақтардың санын көбейту керек деген пікірде. Олар екі дөңгелекті көлік құралының қалада емін-еркін қозғалуына мүмкіндік жасалса, барлық мәселе өздігінен шешілетініне сенімді.
Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan қорының маманы:
- Қаладағы экологиялық жағдайды жақсартқымыз келсе, қаладағы апат санын азайтқымыз келсе, біз велосипед, самокат қолданушылардың санын үлкейтуге арналған шара жасау керекпіз. Біріншіден, әрине, веложолақтардың санын үлкейту, сонымен қоса бар веложолақтардың сапасын жақсарту.
Дегенмен сарапшылар самокаттан гөрі, мопедтің тұрғындарға төндіретін қаупі жоғары екенін алға тартады. Өткен жылы қос дөңгелектілермен Алматыда 46 жол апаты тіркеліп, бір адам көз жұмыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram