Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жарыққа шықты
Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жарыққа шықты

Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жарыққа шықты

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесері болып өтті.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлайды.

Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді.

«Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз - Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар», - дейді тұсаукесер рәсімін жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдарымен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген.

Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар)» бөлімдері оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.

Кітапта әр бөлімнің өзі бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың да атауларына зор мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз - бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және т.с.с. бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері бүге-шүгесіне дейін баяндалады.

Тәуелсіздік заманы Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан - бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Серіктестер жаңалықтары

Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.