ФОТО: Әкімнің орынбасары тасқында суға кете жаздады
Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында адамдарды эвакуациялаумен айналысып жүрген әкімдік қызметкерлері өздері суға кете жаздаған.
18:24 03.04.2018
«Түн ортасы болатын. Бұқтырманың ағысы өте қатты еді. Басында тұрғындарды ауыл мектебіне орналастырғанбыз. Одан кейін аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов Зыряннан автобустар шығартып, су басқан үйлердің тұрғындарын қалаға таси бастадық. Бұл ауылда 2015 жылы да тасқын болған. Сол кездегідей болады деп ойласа керек, кейбір тұрғындар үйін тастап шығудан бас тартып жатты. Көше-көшені аралап, мектеп пен үйлердің арасында шапқылап жүргенбіз. Алдында ғана барып кеткен бір көшеге тасқын жеткенін естідік. Құтқарылмаған адам бар деген соң, қайта бардық» - деп еске алады аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.
Бірнеше минуттың ішінде көшеге кірген су машинаны ағызатындай тасқынға ұласады деп ойламаған мемлекеттік қызметшілер «Нива» көлігімен судың ортасына қойып кеткен екен.
«Көлікті қап-қара тасқын шыр айналдырып әкетті. Бір кезде «Нивамыз» бір нәрсеге тірелгендей тұрып қалды. Айнала қап-қараңғы, судың гүрілінен басқа ештеңе естілмейді. Әуелде көмекке шақырып айғайлап көрдік, нәтиже шықпады. Бір кезде көлікке су кіре бастады. Аяқтан өрлеген су кеудеге жеткенде, өмірден күдер үзіп, отбасымызға хабарласа бастадық».
Әкімдік өкілдері мінген көлікті су ағызып әкеткенін ауыл тұрғындарының біреуі байқап қалса керек. Соның дабылы бойынша «Урал» жүк көлігімен бір топ адам іздеуге шыққан.
Тасқын құрсауынан аман қалған төртеуіне де жедел медициналық көмек көрсетілген.
Ол түннің суығында мұздай судың ортасында қалса да, әзірге денсаулығы сыр бермегенін айтады.
«Ауданда төтенше жағдай режимі әлі алынбағанын білесіздер. Бұқтырманың суы түсе бастағанымен, ондаған үй мұз бен судың құсауында тұр. Сондықтан әлі де сағатпен санаспай жұмыс істеуге мәжбүрміз. Тасқын салдары жойылып, жағдай тұрақталған соң, толық медициналық тексеруден өтетін шығармын» - дейді ол.
Дереккөз:ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!