«Димаш» брендімен интернет-дүкен ашылды
«Димаш» брендімен интернет-дүкен ашылды,
10:00 02.10.2018
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің брендімен интернет-дүкен жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Димаш» атты интернет-дүкеннің тауарларын халыққа жеткізу мақсатында бүгін «Қазпошта» АҚ басшылығы мен әншінің әкесі Қанат Айтбаевтың арасында серіктестік туралы келісім жасалды.
«Қазпошта «Димаш» атты интернет-дүкеннің жұмысын алға бастырып, тауарларын тұтынушыларға жеткізуге көмек көрсететін болады. Қазір олар шәй мен киімдер топтамасын шығара бастады. Алдағы уақытта дүкенде Димаштың шығармашылығына арналған кәдесыйлар да сатылатын болады. Димаш Құдайберген - бұл бренд, әлемдік деңгейдегі жұлдыз, біздің елімізді әлемдік сахнада танытып жүрген тұлға», - деп жазды «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Фейсбуктегі парақшасында.
Сондай-ақ ол жас әншінің интернет-дүкені Қазақстанда және шетелде электрондық сауданың дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген өткен жылдан бері «Қазпоштаның» келбеті болып табылады. Димаш Құдайберген - Витебск қаласында өткен «Славян базары-2015» байқауының Гран-при, MTV Music Awards премияларының иегері, номинациялары: «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық деңдейдегі ең танымал әнші», «Жылдың ең үздік әншісі» және «Ең танымал шетел әншісі». Димаш Қытайда өткен Singer-2017 байқауының финалында екінші орын алып, әлемдік деңгейдегі танымалдыққа ие болды.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/dimash-brendimen-internet-duken-ashyldy_a3407183
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!