Алматыда коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге үстемақы төлене бастады
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.
12:39 10.04.2020
«500-ден астам дәрігер, 1 700 астам орта медицина қызметкері, 549 кіші медицина қызметкері және 764 өзге де денсаулық сақтау қызметкері төлемдерді алуда. Жалпы алғанда, 965 млн теңге көлеміндегі үстемақыны 3 557 медицина қызметкері алады», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Қаражат коронавируспен күрес жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің үш тобына беріледі.
Бірінші топқа науқастарға медциналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен инфекциялық стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады.
Екінші топқа провизорлық стационарлардың дәрігерлері, медициналық жедел жәрдем дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар қызметкерлері кіреді.
Үшінші топқа медициналық жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілері, зертханалардың мамандары, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жатады.
Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлері бірінші санат бойынша төлем алатын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!