Қазақстанда 35 ПТР сынамасы омикрон штамына зерттеліп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы коронавирустың омикрон штамын анықтау жұмысын айтып берді.
13:01 08.12.2021
«Екі айда бір рет қаланың эпидемиологиялық қызметі, бүкіл республика секілді қандай вирус басым екенін бақылау үшін коронавирус инфекциясының штамдарын анықтау және зерттеу бойынша мониторинг жүргізеді», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ПТР-сынамалардың бірқатары зерттеу сатысында тұр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта «омикрон» әлемнің көптеген елдерінде таралғандықтан, біз Денсаулық сақтау министрлігі мен санэпидбақылау комитетінен оң ПТР-зерттеу сынамаларын секвиндеу үшін зертханаға жеткізу туралы тапсырма алдық. Бүгінгі таңда біз материалды Сараптама орталығы зертханасының Нұр-Сұлтандағы филиалына жеткіздік. Яғни, қазір 35 сынама зерттеу сатысында тұр. Соның нәтижесінде біз елордада және жалпы республика бойынша «омикрон» айналымы бар-жоғын айта аламыз. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», - деді С. Бейсенова.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!