Алматыда мәйітханалардан 41 адамның денесі ұрланғаны белгілі болды
Шабуыл жасағандар қаза болғандар мен жараланғандарды қалдырмай, өздерімен бірге алып кетті, деп мәлім етті полиция департаментінің басшысы.
Фото: © AP Photo / Ivan Valencia
22:09 16.01.2022
Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде мәйітханалардан 41 адамның мәйіті ұрланған. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді.
"Шабуылдарды кәсіби дайындықтан өткен, қару-жарақ пен ұрыс әдістерін жетік меңгерген адамдар жасаған. Олар қаза болғандар мен жараланғандарды қалдырмай, өздерімен бірге алып кетті. Сол күндері мәйітханаға 7 шабуыл жасалып, соның барысында белгісіз біреулер қаза болған 41 адамның денесін ұрлап кеткен", - деді Таймерденов брифингте.
Ол Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде 149 адамның, оның ішінде 11 құқық қорғау саласының қызметкері қаза тапқанын айтты. Террористер 7 қару-жарақ дүкенін басып алды. 1 347 қару ұрланған, деп жазады sputnik.
15 қаңтарда Бас прокуратура Қазақстан бойынша бүлік кезінде 225 адамның көз жұмғанын мәлімдеді. Тәртіпсіздіктер кезінде 4578 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4 353 адам жараланды, оның 3393-і - құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Қазіргі уақытта 546 қылмыстық істі тергеліп жатыр. Оның ішінде 44-і - терроризм, 34-і - жаппай тәртіпсіздік, 15-і - адам өлтіру. 672 күдікті ұсталған. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды. Ұстауға негіз болмағандықтан 100-ден астам адам босатылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!