Ертең Қазақстан құрамасы Ақ Олимпиадаға аттанады
2022 жылғы Қытай астанасы Бейжің қаласында өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы ертең, яғни 27 қаңтар күні аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11:30 26.01.2022
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлағандай, қазіргі таңда қазақстандық атлеттер жабық карантин аймақтарында орналасқан. Команданың негізгі бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы арқылы чартерлік рейспен Қытайға ұшады. Ал шетелдерде оқу-жаттығу жиында жүрген спортшылар жеке график бойынша Бейжіңге сол өздері тұрған елден төте ұшып барады.
Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада еліміздің намысын 34 спортшы қорғайды. Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спортттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен жүлделі орындарға таласады.
Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталып, 16 ақпанда мәресіне жетеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының толық құрамы белгілі болғанын жазған болатынбыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!