Қызылордада балаларға сексуалдық сипаттағы әрекет жасаған ер адам психиатриялық стационарда емделеді
Қызылорда облысында кәмелеттік жасқа толмаған екі қыз балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасаған ер адам интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емделетін болды.
Фото: pixabay.com
20:26 10.09.2024
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Е.-ға қатысты қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі және 124 бабының 1 бөлігімен жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Сотталушы Е. есi дұрыс емес күйде жәбірленуші жас балаларға қатысты күш қолдану қатерін төндіру арқылы дәрменсіз күйін пайдаланып сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Салдарынан аса ауыр санаттағы жеке адамға қарсы қылмысқа жол берген. Сотталушының кінәсі сараптама қорытындысымен, жәбірленушінің, куәлардың айғағымен және қылмыстық іс құжаттарымен толығымен бекітілді. Сот қаулысымен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі, 124-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық іс-әрекетті есi дұрыс емес күйде жасаған деп танылды. Ол қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жазаны тағайындау, оны орындау мүмкiн болмайтын психикасының бұзылуы салдарынан Қылмыстық кодексінің 16-бабына сай қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!