{metadescription}
Оқушылардың ата-анасы мектеп тарапынан жүргізген сауалнамаға жауап беруге міндетті ме?

Оқушылардың ата-анасы мектеп тарапынан жүргізген сауалнамаға жауап беруге міндетті ме?

Алматылық оқушылардың ата-аналары жыл сайын мектептің  сауалнамаға жауап беру керек деген талабын түсіне алмай әлек. Сауалнама жазғы практиканы ұйымдастыру үшін қажет екен. Сондай-ақ, олар өздерінің жеке басына қатысты ақпарат талап еткеніне наразы. Ата-аналар өз мүлкі үшін қорқатынын жасырмайды.

Мұғалімдер оқушылардың жазғы каникулды қалай, кіммен, қайда өткізетінін сұрайды екен. Тұрғындардың айтуынша, сауалнамада каникулға қатысы жоқ сұрақтар да бар көрінеді. Ата-аналар мұғалімдердің бұл іс-әрекеті асыра сілтеушілік екеніне сенімді.

КТК тілшісі аталмыш мағлұматтардың  кімге, не үшін керек екенін және құпиялылық пен рұқсат етілген ақпараттың айырмашылын білуге тырысты.

Редакциямызға хабарласқан Алматы қаласының тұрғыны Светлана Жәңгереева (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді – Ред.) аталмыш сауалнаманың іс жүзінде түкке пайдасы жоқ екенін айтады.

«Заң бойынша, сауалнамаға тыйым салынбаған, ол ата-ананың, мұғалімдер кеңесінің  келісімі бойынша жүргізіледі. Бір қызығы, менің ұлым бірде-бір рет практикаға қатысқан емес! Төменгі сыныптарда практика болған жоқ, жоғары сыныпта ақылы ағылшын тілі үйірмесі ашылды. Онда «егер сіздер ақылы ағылшын тілі үйірмесіне барсаңыздар, жазғы практикадан босатыласыздар» делінген. Яғни, мектеп бізге өзінше «көмек» береді, біз ол құжатты толтырамыз. Бұл формализм екенін түсінемін. Бірақ, «бұл не үшін қажет?» деп сұрай алмаймыз, себебі, толыққанды түсініктеме бәрібір ала алмаймыз, ал басшылықпен қарым-қатынасымызға сызат түсуі әбден мүмкін… Бірінші сыныптан бастап-ақ небір сауалнамалармен басты қатыруда: отбасы құрамы, қызмет орны, баламыз жазда қайда демалады, тіпті материалдық жағдайымызға дейін сұрайды. Менің ойымша, объективті ақпарат – ол мектеп табалдырығын аттаған оқушының  мекен-жайы, толық отбасы туралы мағлұмат. Ал каникулды қайда өткізесің деген жеке басына қатысты сауалнама неге қажет екенін түсінбеймін!», - деді Светлана.

Басқа ата-аналардың айтуынша, Алматының білім ордаларында «тексеру» әр түрлі жүргізіледі. Бұл ортақ үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Ата-аналардың сөзіне құлақ түрсек:

- Сауалнамадағы ашу  тудыратын сұрақтар: тұрмыстық жағдайларыңыз қандай, ата-анаңыз қай жерде жұмыс істейді, әке-шешеңнің жалақысы. Жынымыз келеді! «Жазда қайда барасыздар?» «Балаңыз қандай үйірмеге қатысады»  - қалыпты сұрақ.  Ал   әке-шешесінің жалақысында не шаруасы  бар?! Бұл салық инспекциясының құзыретінде;

- Бізде де тап сондай жағдай. Тіпті ата-анасының жалақысын бір шеңбер төңірегінде жазу керектігі тіпті таң қалдырады. Гимназияда жазғы каникулда баламыз кіммен, қайда, қанша мерзімде болатынын сұрайды. Бұл сұрақ менің де таңданысымды тудырды. Жазып бердік, мұғалімдерден де талап етіп отырған болар. Мазалайтыны, бұл ақпарат кімнің қолына түседі? Мысалы, шетелге демалуға кетсек, бір ай бойы үйім бос тұрса, сонда не болады?;

- Жыл сайын мамыр айында сауалнама толтырамыз. Мектеп балалардың жазда қайда болатынын бақылауда ұстауы керек деседі. Ата-анасының жалақысын сұраған жоқ. Біз бұны жыл сайынғы қалыптасқан тәртіп болар деп қарадық;

- Мектепке алғаш барғанда сауалнама жүргізген. Ахуал, статус, табыс, қызмет орнына қатысты сұрақтарға жауап бермедім. Бұл отбасының тұрмыс жағдайын анықтап, жәрдем беру үшін қажет деп түсіндірген болатын. Бұндай дәлелге, әрине, қарсы шыға алмайсың…;

- «Балаңыз қанша мерзімге шетелге барды?» деген сауал болды. Ал «ата-әжесіне ауылға» немесе елімізде болса, оны жазбай-ақ қоюға болады деді.

Алматылық бір тұрғын аталмыш сұрақты балабақшада да қояды деп айтып қалды.

- Былтырлары сондай сауалнаманы біз барып жүрген балабақшада жүргізген -  «Қай жерде демаласыз?» деп сұраған.

Алматы қаласы білім беру басқармасындағылар  тұрғындардың күдіктерін  сейілтіп, мектепте жүргізілетін жұмыстар туралы былай деп жауап берді:

«Бұны қалалық психологтар кеңесі оқу жыл барысында психологтың жүзеге асыратын диагностика тізімін енгізу үшін әзірлеп, ұсынған. Қалған диагностика  ата-аналар мен мұғалімдердің сұратуы бойынша жүргізіледі. Егер оқушының жасы 14-ке толмаған жағдайда, психологпен қандай да бір жұмыс тек мектеп директоры немесе ата-анасының жазбаша рұқсатымен ғана жүргізіледі». 

Сондай-ақ, жазғы практика міндетті шара емес екен. Ресми ақпарат бойынша, жазғы практикамен тек ғылымға құштар оқушылар ғана айналысады.

«Елімізде мектептегі міндетті практика 2007 жылы оқу жоспарынан алынып тасталған. Практикаға өз еркімен қатысуға бейінді (профильный) сыныптардың оқушылары ғана мүдделі: биология,  экономика, география, физика-математикалық және т.б. Оқушылар үшін практика сол бағыттағы мамандардың қатысуымен жүзеге асырылады келісім-шарт жасасқан мектеп немесе институттарда жүзеге асырылады. Бұл санаттан бөлек, ғылыми-тәжірибелік жұмыспен айналысып жүрген  балалар да қатыса алады », - деп хабарлады білім беру мекемесінде.

Айта кетерлік жәйт, Алматы қаласы білім беру басқармасының нақтылауынша, қазір мектептерде сауалнама жүргізілуде, бірақ ол оқушының сабағына қатысы аз. Дегенмен, шенеуніктердің айтуынша, ата-ана ақпарат бермеуге құқысы бар.

«Биылғы  оқу жылынан бастап жазда қала мектептерінде тегін ағылшын курстары ұйымдастырылады. Оқушының бос уақыты есептелініп, қолайлы топтар құру үшін  және оқушының аталмыш курсқа қатысу мүмкіндігі ескерілуі мақсатында жоғарыда айтылған  сауалнама  жүргізілуі мүмкін. Сауалнамаға  ешқандай жеке басқа қатысты мәлімет талап етілмейді. Тек баланың каникул кезінде шамалап, қайда болатынын білу үшін ғана», - деп жазылған Білім басқармасынан келген ресми жауапта.

Сондай-ақ, ақпарат жинау – балалар қылмысының алдын алу үшін қажет. Жазғы каникул кезінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық жиі белес алады. Ал сауалнама оқушыларды жазғы демалыста түрлі спорт секциялары, әскери-спорттық, туристік клубтар, қала сыртындағы лагерьлерге баруын ұйымдастырып, жоспарлауға себін тигізеді екен.

Білім басқармасында сауалнама  тек ақпарат алу үшін көзделгенін және оны толтырудан бас тартқан ата-анаға еш шара қолданылмайтынын нақтылады. 

Ал белгілі заңгер Асқар Қаймақовтың айтуынша:

«Жеке өмір  құпиясы Ата заңмен кепілдендірілген. Жақында  «Жеке адам туралы мәлімет және оны қорғау» туралы заң қабылданды. Сондай-ақ, мектеп талап еткен мәліметтер коммерциялық, банктік және тағы да басқа мәліметтер заңмен қорғалған. Әр азамат өзіне және отбасына қатысты мәліметті құпия сақтауға құқылы. Бұндай ақпаратты сол адамның рұқсатымен,  заңмен белгіленген тұлғалар ғана ала алады. Ол мектеп әкімшілігі емес. Ал бір жағынан, кез келген коммерсант KYC-тің не екенін біледі немесе   «өз клиентіңді біл (know your customer)», яғни, мекеме қызмет көрсететін тұтынушысын зерттеуге арналған шара. Алайда, ондай жағдайда зерттейтін нысанның рұқсаты қажет және жиналған ақпаратты қорғау үшін шаралар жасалуы шарт. Бұл саладағы әр құқықбұзушылық үшін  заң алдында  жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Асқар Қаймақов.

 

Кеше

22 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде