{metadescription}
КТК арнасы  «Алдараспан» айын аспанға бір шығарды

КТК арнасы «Алдараспан» айын аспанға бір шығарды

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні КТК телеарнасы көрермендеріне «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының судай жаңа қойылымын тарту етеді. «Алдараспан» бұл жолы қандай бағдарлама ұсынады? Бұл театрдың актерлері қандай? Театрдың атын кім қойды? Жалпы, театр басқа әзіл-сықақ театрларға қарағанда несімен ерекше?  

Қазақ өзінің тумысында әдемі әзілге бір табан жақын тұратын халық қой. Қағытпа қалжың қанында бар болған соң, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз, қайны мен жеңге арасындағы әдемі әзілдер тек бізде ғана жақсы дамыған.

КТК телеарнасының мерекеде әзіл-қалжың театрының концертін ұсынып отырғаны жәйдан-жәй емес. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген де  өзге емес, өзіміз. Психологтар  біздің қуанып күлгеннен гөрі, әзіл-сықаққа күлгеніміз денсаулыққа пайдасы мол дейді. Ресми бес сөйлемнен әзілдеп айтқан бір сөйлем адамға терең ой салатын көрінеді. Ренжіскен ағайынды татуластыратын да, булыққан ашу-ызаны тарқататын да, арасы ашылған достарды жақындататын да – әзіл-қалжың.

КТК арнасы мереке күні «Алдараспанның» тек әзіл-сықақ қойылымын ғана емес, сонымен бірге эстрада жұлдыздарының қатысуымен көңіл жадыратар концертін ұсынады. Халқымыз әзілі мен әнін қатар алып жүрген. Көңіліміздің ажарын әніміз бен әзіліміз ашсақ, одан артық не бар?

Комедия деген күлкі арқылы кейбір адамның мінезін сынау деген сипат беріп жүр. Ал оған сахнада көрік беру әртіс үшін оңай жарыла кететін жаңғақ емес. Көрерменге күлкі сыйлауды арзан деп ұғатын көкірегі бітеу, көзі шел басқан бір топ бар. Солардың ой-өрісінің таяздығы кейде қадірді қашырады. Жер басып жүрген жанның бәрі тек күліп жүрсе деген тілек – тілектердің төресі.

«Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиевті ел-жұрты ол сомдаған кейіпкерлері арқылы жақсы көрсе, бұл шығармашылық адамының жарты жеңісі. Көрерменді қыран-топан күлкіге қарық қылу үшін құдайдың адам бойына дарытатын ерекше қасиеті болу керек. Нұржан қазақ өнерінде өз орнын ойып алған Райымбек Сейтметовтің тәрбиесін көзбен көріп, айтқанын көкірегіне түйген шәкірттерінің бірі. Оның жаман болуға қақысы жоқ.

«Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай сынды қазақ аңыздарының әңгімесін тыңдап өскен мен несіне жұлдыз болам. Пьесалардан кейін сынын естіп өстік. Қаншама сыни пікірді бойымызға қабылдап, жемісін жеген кездерде пайдасы тиді. Арыстан боп аспаннан ешкім түспес. Адам үйрене беру керек, мен толдым, болдым деген күні құрығаның», - дейді Нұржан Төлендиев КТК тілшісіне берген сұхбатында.

,  «Алдараспан» әзіл-сықақ театры туралы не білеміз?

  • «Алдараспан» деген аты Алдар көсе сияқты әзілдің биік шыңы болсын деп, аспанды – кеңістік, күлкіміз шексіз болсын деген ниетпен қойылған.
  • Алатауды айырып, Қаратауды қайырмаса да, жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүрген азамат Нұржан Төлендиев «Шаншардың» шаңырағынан өз алдына еншісін алып, бөлек отау құруға бел буды. Нәтижесінде еліміздің әзіл-сықақ театрларының саны «Алдараспан» өнер ошағымен толысты. Театрдың сағы сынған жоқ, қайраты мұқалған жоқ.
  •  «Алдараспан» ең алғаш скетч-шоу телевизиялық жоба болып шықты. Содан біртіндеп театр аша бастады. «Алдараспан» театры деп Нұржанның өзі қойыпты. Биыл, 2019 жылдың күзінде театрға 10 жыл толады.  
  • Ең алғаш құрамында Жұлдызай Дүйсенбиева сынды «Шаншар» әзіл-сықақ театрынан бөлініп шыққаннан кейін біршама актерлер ойнады.
  • «Алдараспан» актерлерінің барлығы театр педагогі, профессор  Райымбек Сейтметовтің  шәкірттері. Яғни, бәрі актерлік шеберлікті меңгерген мамандар.
  • Ең алғашқы концерттері үш күн қатарынан Республика сарайында өткізілді. Алты концерт. Лық толы зал. Күніне екі сеанстан. Сағат 15-те және 18-21-де – екіншісі.
  • Ең алғашқы көрермендердің пікірі оң болды. Хиттар шыға бастады. Афоризмдер жұртқа кеңінен тарады. Көкпаршы Коля, тракторшы Коля, Будулай, Қошан есімді кейіпкерлер әсіресе ауыл жұртының күні-бүгінге дейін есінде.
  • «Алдараспан» театрында негізгі құрамында 12 адам бар. Барлығы Түркістан облысында тұрады.
  • Тақырыптары – шынайы, өмірден алынған. Отбасы. Ерлі-зайыптылардың қарым- қатынасы әзілмен жеткізіледі. Қоғамда болып жатқан оқиғалар. Танымал ток-шоу, сериалдарға пародия.
  •  Ерекшелігі: гастрольдік сапарға көп жүреді. Кейбір театр 10-15 жыл  ат ізін салмаған түкпір-түкпір ауыл-аймақтардағы көрермендерді тартуға, ауыл жұртының көңілін бір серпілтіп көтеруге жиі шығады. Арасы 300-400 шақырымдай шалғай ауылдарда күніне үш концерттен беріледі.  
  • Жылына бір рет Қытай еліне, Үрімші аймағына сапар шегіп, қандас бауырларға күніне 3-4 концерт қояды. Түнгі сағат екіге дейін концерт қойған кездер болған.

 «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының алдына қойған мақсат-мұраты биік. Ең алдымен қазақ көрерменіне қызмет етеді. Театрдың ұраны: «Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше, өзің төменде, ойың аспанда болсын».

Театрдың директоры Нұржан Төлендиев:

«КТК арнасына алғысымызды айта отырып, 1 мамырда сағат 16:50-де «Алдараспанның» судай жаңа концертін тамашалауға шақырамыз. Көрерменнің есінде қалатындай қызықты әзілдер бар. Жаңа бағдарлама, жаңа пародия, өткір қалжың. «Күлгенді сұра, сыры бар, жылағанды сұра мұңы бар» дейді. Күлдіру деген ең қиынның қиыны. Трагедияға қарағанда комедия қиын жанр. Біз сол үшін еңбектенеміз. Мәселе мансап, атақ қуып, театр ашқанда емес. Мақсатымыз – Рекеңнің (Райымбек Сейтметов) отын өшірмей, сол кісінің тәрбиелеген шәкірттерін, сол кісінің өсіріп-өндіріп берген тәрбиесінің отын өшірмей ары қарай жалғастыру».  

Ендеше «Алдараспан» әзіл сықақ театрының тұсаукесер концертін сәрсенбі, 1-ші мамыр күні сағат 16:50-де КТК арнасынан тамашалауға асығайық.

Оқи отырыңызНотр-Дам де Пари: Тағдырына 5 рет қатер төнген собор 

Өлтірі деген не? 

Киелі киікті қалай сақтап қаламыз? 

Астық араласқан қазақ тағамдары 

Қазақ халқының ойын-сауығының мағынасын білесіз бе? 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.