{metadescription}
Қасиетті өсімдіктің қадірін неге кетірдік?

Қасиетті өсімдіктің қадірін неге кетірдік?

Қызыл мия. Таптырмас дәрілік өсімдігімізді неге үлкен өндіріс саласына айналдыра алмай отырмыз? Қасиетті алтын тамыр неге жабайы бизнес жолына түсті? Шипалы өсімдікті тамырын түбірімен қопарып алып экспортка жіберіп жатыр. Неге?

Қызыл мия – дәрілік өсімдіктің тамыры. Мамандар қызыл мияның тамыры мұнайға қарағанда екі есе пайдалы екенін айтады. Шығынды қажет етпейді, ыстық пен суыққа төзімді, жер талғамайды. Бір ексе, ондаған жыл бойы шыға береді. Малға азық, ал тамырын қолданбайтын сала жоқ. Косметикадан бастап, консерві жасау, шырын шығару, қант өндірісі - бәріне қажет. Ал дәрі-дәрмек жасау, фармацевтика саласы қызыл миясыз аяғын аттап баспайды.

Бірақ, жабайы бизнес жолына түскендер даланы трактормен жыртып, тамырын түбірімен қопарып алып экспортка жіберіп жатыр. Неге?

Өйткені бұл дәрілік өсімдік Қызыл кітапқа енбеген. Яғни, қурай да, қызыл мия да – бірдей. Қызыл мияның қасиеті мен алтын тамырдың қадірін қалай кетіріп жүрміз?

Қызыл мияның тамырынан пайданың көзін тапқандар екі-үш күнде шамамен 15-20 тонна жүк көлікке тиеп, дәрілік шөп Қытайға тасымалданып жатыр. Қызыл мия Шығыстағы көршімізде сұранысқа ие. Қытайдың дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі-дәрмек  жасалмайды. Өндірісте те пайдаланады. Осылай табиғат анаға қастандық жасап, жергілікті кәсіпкерлер алыс-жақын шет елді емдік қасиеті бар өсімдікпен жарылқап отырғаны қынжылтады.

 Құзырлы мекемелер алтынға пара-пар шипалы өсімдікті қазып, саудалайтындарға тосқауыл бола алмай тұр.

Қызыл мияның отаны – Сырдарияның жағасы. Осыдан төрт жыл бұрын Жаңақорған ауданында мал өсіріп отырған кәсіпкерлер шығынға баттық деп шулаған еді. Шаруалардың мемлекеттік бағдарламамен жалға алған жерін әлдебіреулер қопарып, қызыл мия жинапты. Жайылымнан қағылдық деген олар өз күштерімен тамыр жинаушылардың техникаларын тартып алғаны да ел есінде. Полицейлер табиғат қаскөйлерін босатып, әкімшілік жазаға тартты.

Түркістан, Батыс Қазақстан өңірлерінде де далада өсімдікті заңсыз саудалап, оңай ақша табатындар өріп жүр. Шипалы шөпті шетел асыратындар тіпті еркінсіп кетті. Себебі, қызыл мия заңмен қорғалмаған. Лицензиясыз өсімдікті жөн-жосықсыз қазатындар аз-маз айыппұлмен құтылып кетеді. Жауапты комитет бағалы өсімдікті көздің қарашығындай қорғау үшін жаңа заң жобасын әзірлеу қажет екенін алға тартады.

Сәкен Ділдахмет, АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы:

 Қызыл мия ҚР Қызыл кітабына енгізілмеген. Заңсыз теріп, орман билеті болмаса, әкімшілік құқықтық жазаға тартылады.1 келісіне дейін 0,3 көлемінде айыппұл салынады.Дәрілік шөпті шетелге экспорттауға болады.Ол үшін дәрілік шөпті даярлауға негізделген рұқсаттама қағазы және экспертизалық талдамадан өткен биологиялық негіздемесі болу керек.

Ең өкініштісі, табиғи байлығымызды тиімді пайдаланып жатқан фармацевтикалық кәсіпорындар там-тұм. Солардың бірі Ақтөбе қаласында орналасқан. Бұл өндіріс ошағы қызыл мия тамырының сығындысын алып, жөтелге қарсы шәрбаттың екі түрін дайындайды. Кәсіпорын жылына миллион дана дәрілік өнім шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне таратады.

Бағалы өсімдікті өңдейтін отандық екі зауыт бар. Орал қаласындағы өндіріс орны жылына 3 мың тонна мия тамырын өңдеуге қауқарлы. Бірақ мия тамырын тонналап жинауға болса да, зауыттың жұмысы  шикізат тапшылығынан алға баспай тұр.

Ал Қызылорда облысында озық технологиямен жабдықталған қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны бар. Ондағылар тамырдан таршылық көрмейді. Өйткені, 10 мың гектар алқапқа мия егілген. Бұдан бөлек, Ақтөбедегі кәсіпорын дәрі өндірісіне мияны пайдаланады.

Нұртай Өмірзақов, Фармацевтика зауытының бөлім бастығы:

Мия тамырын Қызылорда облысы мен Батыс Қазақстан облысынан алдыртамыз. Тапшылық көріп отырған жоқпыз.Дәрі ретінде шығаратын түрлері бар. Ұнтақ ретінде дайындалады.Ол асқазан жарасына және иммунитет көтеруге пайдалы.Балаларға арналған сироптың көбісінде мия қолданылады.   

Бұрынғы заманда ата-бабаларымыз қызыл мия тамырын халық медицинасында күйзеліс пен ұмытшақтықтан арылу үшін және қалқанша без ауруларын емдеуге ұдайы қолданған. Елімізде қазақтың дәстүрлі емін қайта жаңғыртып, шипалы шөппен емдейтін орталықтар жоқтың қасы.

Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас директоры Сүлеймен Аралбай қызыл мия тамыры мың сан дертке дауа екеніне көз жеткізіпті. Ол басы ауырып, балтыры сыздағандарды осы тамырды ұсынып, түрлі аурудың алдын алғанын айтады. «Табиғат құдіретінің» пайдасы ұшан-теңіз екенін нық сеніммен айта аламын дейді.

Сүлеймен Аралбай, Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас директоры:
- Өте жақсы дәрілік шөп болып есептеледі. Бұл шөптің көк бауыр, бауыр, асқазанның қуатын арттыратын емдік қасиеті бар.Тыныс жолдары, өкпеге пайдалы. Жөтелге қарсы қайнатып ішуге болады.Қолда бар алтынның қадірін дұрыс пайдаланбаймыз.Қытай, Тибет медицинасына жүгіреміз. Ал өзіміздің қазақ медицинасы әлдеқайда тиімді.

Расыменде ұшы-қиыры жоқ даламызда өсіп жатқан табиғи байлығы­мызды игерудің жолы бір ізге қойылмаған. Керісінше, “бос  жатқан” жерлердегі дәрілік және емдік  өсім­діктер шетелдік инвесторлардың оңай олжасына айналып барады. Арзан бағаға тасымалданатын дәрумендерге бай өсімдіктер өзімізге сан мың еселеніп қымбат сатылатыны да жасырын емес. 

Сүлеймен Аралбай, Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас директоры:

 Қытайға тасымалданып жатқан қызыл миядан бөлек шөптің түрі өте көп. Ол біздің экологиямызға зиян. Мемлекет тарапынан тосқауыл қойған дұрыс. Өзіміздегі табиғи өнімді өзімізде өндіріп, табиғи дәрілер жасап халыққа ұсыну қажет. Артылғанын шетелге тасымалдаған абзал.

Қызыл мияның қасиетін әлемнің көп елдері ежелден біліп, оны фармацевтикадан бөлек тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданып келеді.

Мәселен, Германияда мия тамырынан жақпа майдың 20-30 пайызы жасалады. Тибетте жасару үшін қайнатып ішеді. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тәттілігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге артық. Сондықтан Финляндия, Норвегия, Дания, АҚШ мемлекеттері түрлі тәтті шоколадқа осы өсімдікті пайдаланады.

Құзырлы мекеменің мәліметінше, жеке қожалықтар иелігіндегі жерлер құжат жүзінде көкөніс, егін шаруашылығы болып тіркеледі. Дегенмен мия тамырын жасырын кәсіпке айналдырып алады. Сондықтан бағалы өсімдікті Қызыл кітапқа енгізбей, тамыры тереңге жайылған кәсіпке балта шабу қиынның қиыны.

Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Біздің сайда болатын мия қалың. Ауылдастар ойлайтын ұя қамын. Мия сиреп, ұядан құстар безіп, Біреу үшін енді мен ұяламын» деген өлең шумақтары еріксіз ойға оралады. Расымен де, бұл өсімдік сиреп, құрып кетудің алдында тұр.

Репортаждың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.
 Оқи отырыңыз: Жер учаскеңізді мемлекет мұқтажына аламыз десе..

Мәжіліс депутатының шіркін-айы мен әттеген-айы 

Жөндеу жұмыстары: Үйдегі ұсақ-түйек олқылықты қалпына келтірейік 

Кене. Қорғану және қауіпсіздік шаралары 

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде