{metadescription}
Сұмдық! Депрессия туралы бізді шатастыратын қате түсініктер

Сұмдық! Депрессия туралы бізді шатастыратын қате түсініктер

Қазір психологиямен тек жалқау адам ғана айналыспайтын секілді. Әсіресе депрессияға келгенде барлығы ақыл-кеңес беруге шебер. Ал әлеуметтік желілерде депрессиядан нақты білімі жоқ «ақылгөйлер» толып жүр. Бір қызығы, біздің депрессия туралы түсінігіміздің көбісі дұрыс емес екен. Қалайша? Ендеше оқып көріңіз.

Депрессия асқынған стрестен туындайды деген қате түсінік

«Депрессияның себебі – стресс» деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Былай қарасаң, солай сияқты, дегенмен депрессия кенеттен пайда болады екен. Мұндай кезде мамандар депрессияға бейімділікке тұқым қуалаушылық түрткі болады дейді. Мысалы, кез келген ұсақ-түйек дүние депрессияны тудыруы әбден мүмкін.  

Депрессияның белгілері барлық адамда бірдей – қате түсінік  

Психологтар, психотерапевтер, психиатрлар депрессия белгілері бәрінде ұқсас, біркелкі болмайтынына бірауыздан сенімді. Әр адамда депрессия әрқалай: біреуі бөлектеніп, тұйықталса, біреуі көз жасына жиі ерік береді, ал кейбіреуі, керісінше, айналасындағыларға тиісіп, килігіп, күйгелектеніп, ашуланшақ болады. Сондықтан адам өзінің депрессияда жүргенін сезбейді. Бірнеше жыл бойы депрессиядан зардап шегіп, дәрігерге қаралу керектігін түсінбейді.

«Есіңді жина, өз-өзіңді қолыңа ал, бекем бол» - деген сөздер көмектеспейді

Әдетте депрессияда жүрген адамның айналасындағы жақындары оған жанашыр ретінде депрессиядан құтылу үшін өз-өзіңді қолыңа алсаң жетіп жатыр дейді.  Депрессия – ол ауру, құр сөзбен, кеңеспен емделмейді. Мысалы, жүрегі ауыратын адамды «өзіңді қолыңа ал», «ақылға кел», «бар өмірің әлі алда» деп емдемейді, солай емес пе? Жүрек ауруын емдеу керектігін бәрі біледі, ал депрессия – мидағы талшықтардың үйлесімділігінің бұзылуы. Сондықтан депрессияда жүргеніңізді сезсеңіз, маманның көмегіне жүгініңіз. Себебі, білікті дәрігердің көмегінсіз депрессия емделмейді.   

Көңілді жүрген адамда депрессия болмайды – қате түсінік 

Бұл депрессия туралы адамды адастыратын түсінік. Депрессиядағы адам ылғи ұнжырғасы түсіп, жабырқап жүреді десеңіз, қателесесіз. Негізінде, депрессиядағы адамға жалпы адамзатқа тән көңіл күйдің барлығы тән, бақыт та, қуаныш та. Бірақ соның артынан іле-шала жабырқаңқы күйге түседі. Депрессиядағы адамның ішінде жүрегі сыздап, ішкі дүниесін мұң басып тұрады. Бірақ сырт көзге оны білдірмейді – бәріне күлімдеп қарап, әлдекімнің қалжыңына күліп жауап беріп, тіпті өзі де қалжыңдауы мүмкін. Алайда жұртқа күлімдеп, жымиып жүргеннің қаншалықты қиын екенін оның өзі ғана біледі... 

Мазасын алмай, тыныш қалдыру – көмектеспейді

Депрессиядағы адамның мазасын алмай, жалғыз қалдыру керек деген кеңесті жиі естиміз. «Демалсын, тынықсын», «саяжайға барып келсін», тіпті болмаса «жалғыз қалдырайық», «өзімен-өзі болып, у-шудан демалсын» – ем болмайды! Біреуі жалғыз қалғанды ұнатса, екіншісі біреумен сөйлесіп, шерін тарқатуға мұқтаж. Негізі, депрессиядағы адам ішіндегі ойын сыртқа шығарып, сырын айтып, өзіне түсіністікпен қараса деп тілейді. Сондықтан депрессиядағы адамды жалғыз қалдырғанда оның ішкі күйін тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін.

Бір түйір дәрімен емдеуге болады – емделмейді

Депрессияны емдеудегі дұрыс емес түсініктердің бірі де осы. Дәрігердің жазып берген дәрісі ілезде емдемейді. Дәрінің тиімділігіне де уақыт керек. Өйткені депрессияда қаншалықты ұзақ болсаңыз, емделуге де соншалықты уақыт қажет. Сонымен бірге депрессияның рецидиві (қайталануы) болатынын естен шығармаңыз. Ол тіпті зардап әкелуі мүмкін. Өмірдегі қиын жағдайлар, ұсынылған дәріден бас тарту – рецидивке әкеледі.

Депрессиямен жігерсіз адамдар ғана ауырады – қате түсінік

Бұл жерде тіпті керісінше болуы мүмкін. Негізі, депрессия мықты адамдардың ауруы. Неге дейсіз бе? Өйткені мықты адамдар эмоциясын соңына дейін ішіне бүгіп, ешкімге білдірмейді. Бұл, әсіресе ер-азаматтарға тән. Өйткені ұл балаларды кішкене кезінен бастап «ер бала көз жасын көрсетпеуі керек» деп тәрбиелейді. Ер жете келе, ұл бала өз эмоциясын, уайымын, мұңын ашып айтуға қымсынады. Сөйтіп ішіне көп жиналған эмоциялар саны сапаға айналып, депрессияға бір-ақ түсіреді. Ендеше депрессияңызды тек дәрігер маман емдей алады.

Деніңіз сау болсын!

Аталмыш тақырыпты бүге-шігесіне дейін түсіндірген психолог Марина Елисееваға алғыс білдіреміз.

Оқи отырыңыз: Құтырық ауруы туралы қате түсініктер 

Ерте алжымаудың алдын алайық. Есте сақтау қабілетіңіз қандай? 

Тест: Қатты күйзелісте жүрсіз бе? 

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде