{metadescription}
Коронавирус қауіпсіздігіне қатысты қатаң тыйымдар
Коронавирус қауіпсіздігіне қатысты қатаң тыйымдар

Коронавирус қауіпсіздігіне қатысты қатаң тыйымдар

Коронавирус қаупіне байланысты мерекесі көп мемлекеттің думанды шараларына тыйым салынды. Наурыздың 13-нен бастап көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар, көрмелер мүлдем ұйымдастырылмайды. 100 адамнан асқан қонақ жинап, той тойлауға да шектеу қоюға ұсыныс берілді. Сондай-ақ делебесі қозғыш жанкүйерлер де  сүйікті ойындарын тамашалаудан қағылады. Қауіпсіздік мақсатындағы қатаң тыйымдар жайлы тілшіміз Нұрқанат Омарұлы жалғастырады.

«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда...» Расында, Ұлыстың ұлы күніндегі ұлан асыр той биыл өткен шақта қалмақ. Себебі, қауіпті індетке байланысты ауқымды іс шаралардың барлығы өтпейтін болады. Ал Ұлыстың ұлы күнін тек отбасы аясында атап өтуге болады.   

Наурыздың 13-нен бастап көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар, көрмелер мүлдем өткізілмейді. Бір сөзбен айтқанда, адамдардың көп шоғырлануына жол берілмейді.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Үкімет, ел үлкен тойларға қарсы емес. Наурыз сияқты іс шаралардың өткізуіне ол қарсы емес. Бірақ осындай жағдайды ескере отырып, халықаралық жағдайды ескере отырып, азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, біз осындай шешімдерге барып отырмыз.

Былтырдан бері жоспарланған Абайдың 175 жылдығы да тойланбайды. Тек онлайн конференцияларға, бастамаларға ғана рұқсат етілген. Ресми шараларға тыйым салынғаны түсінікті. Той-томалақсыз күні өтпейтін халқымыз үшін де үкімет тарапынан думанқой көңілді тыя тұруға кеңес берілді.

Диас Ахметшәріп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

- 100-ге дейін ұсыныс беріледі. Бірақ оны шешетін жергілікті басқару органдары. 100-ге дейін болады. 100-ден көп адам жиналатын ауқымды шараларға рұқсат жоқ. 

Үкімет тарапы қонақ санын жүзден асырмауға кеңес беріп жатқанымен, оңтүстіктегі тойханалар алдағы жаз айларына дейін тапсырыс қабылдап қойыпты. Шектеуге құлақ асса қыруар шығынға батарын жақсы түсінеді. Сондықтан олар қауіптен секем алудың еш себебін көріп тұрмағанын айтады.

Сағира Кәрібекова, тойхана әкімшісі:

- Алдында наурыз айына он шақты той жоспарлап қойғанбыз. Егер де клиенттер бас тартып жатса, жасамаймыз деп, онда ақшасын қайтарып береміз. Қорқып тұрған жоқпыз, бұйырғанын көреміз.

Мың-мыңдап тыңдарманды бір жерге иіретін концерттік кештер де қауіп сейілгенше кейінге шегерілді. Кино әлемнің туындыларын ынтыға күтетіндер де кинотеатрдағы жайлы көрсетілімдерді уақытша ұмытуларына тура келеді. Әлбетте сеанстарды тоқтату кәсіп иелерін шығынға батырарына сөз жоқ. Бірақ олардың шығындары өтелмейді.

Дмитрий Кириенко, кинотеатрдың қаржы директоры:

- Бас санитар дәрігердің 13-ші наурыздан бастап кинотеатрлар жұмысын тоқтатуы туралы хаты келді. Сәйкесінше, ертеңнен  жұмысымызды уақытша доғарамыз. Бірақ қашан ашылатынымыз әлі белгісіз.

Биыл Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеру де өтпейтін болды. Коронавирустың қаупінен салынған шектеулер қай уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз. Бастысы, әлем дүрліктірген дауасыз вирус елге енбесе болғаны.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде