{metadescription}
Талғар әкімдігі мүгедектерден оңалту орталығын тартып алған – Алматы облысы
Талғар әкімдігі мүгедектерден оңалту орталығын тартып алған – Алматы облысы

Талғар әкімдігі мүгедектерден оңалту орталығын тартып алған – Алматы облысы

«Әкімдік мәжбүрлеп көшірді».  Алматы облысында оңалту орталығына зар болған мүгедек балалардың ата-аналары осылай шу шығарды. Айтуларынша, педагогикалық-психологиялық түзеу орталығының қазіргі ғимараты тар әрі талапқа мүлдем сай емес. Ал бұрыңғы кең ғимаратты Талғар ауданының әкімдігі тартып алды дейді ата-аналар.

Қазір ол жерде аудандық жұмыспен қамту бөлімі жайғасыпты. Мүгедек балалардың құқығы тапталды деп мұң шаққан ата-аналарды тілшіміз тыңдап қайтты.

-Мынау біздің массаж кабинеті. Ана жерде заттар шашылып жатыр. Мына жерде киінетін орын жоқ. Мына жерге ЛФК кілем жаяйын десе, массажға аяқ киіммен кіреді.

Бұл мүгедек балаларға арналған педагогикалық-психологиялық түзеу орталығының қазіргі ғимараты. Мекеме осында көшіп келгелі ата-аналардан әбден маза қашқан. Талапқа сай емес тар кабинеттерде бірнеше медицина маманы отыруға мәжбүр. Ал азынап тұрған жерде онсыз да мүгедек перзентіміз «ауруын асқындырып алады» деп шырылдайды ата-аналар.

Эльмира Ғазизова:

-Бала шыққан сайын кварц қосылу керек. Мамандар қол жуу керек. Балалар мүгедек болған соң дәретке отырып қояды. Ол жерде қол жуатын жоқ. Жылуы жоқ, суықтан балалар ауырады. Көрпе жауып, астынан массаж жасаймыз. Бұл не сұмдық?! Қазіргі 21 ғасырда!  

Жаңа орынның кемшілігін жіпке тізген ата-аналар мүгедек балалардың құқығы мүлдем қорғалмаған деп қынжылады. Оған қоса жеткіншектерді тексеріп, емдеуге жіберетін комиссия қызметкерлеріне де осы шағын ғимараттан орын берілген. «Бұл енді барып тұрған бассыздық!» деген наразы топ аудан әкімдігі жылы орындарынан мәжбүрлеп шығарғанын айтады.

Эльмира Ғазизова:

-Осы жердегі коррекция кабинеті мен ОПМК-ның директоры «шықпаймыз» дегенде, Талғар ауданының әкімінің орынбасары күштеп шығарып жіберген. «Босатасыздар» деп. Коррекция кабинетін жұмыспен қамту бөлімімен ауыстырды. Талабымыз – бұрынғы орнымызды қайтарып берсін!

Талғар ауданында 400-ден астам мүгедек бала бар. Олар екі жылда бір рет республикалық оңалту орталығына жолдама алады. Оған дейін мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер шағын коррекциялық кабинетте ем қабылдайды. Бірақ кемтар балаларға көмек қолын созатын маман да тапшы.

Мақпал Сапарғалиева:

-Жаттығудан үш ай өттім. Енді бізге тоғыз айдан келесіңдер дейді. Мен тоғыз ай күтіп отыра алмаймын ғой. Ата-ана бар. Оның бәрі алты айлап, бір жылдап күтеді. « Штат қосыңыздар, әйтпесе  үмкін емес» деп бастықтарға жаздық. Бірақ жауап жоқ.

 Шағымданушылар оңалту орталығының бұрыңғы ғимаратына да барды. Даңғарадай кабинеттерде отырған жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне олар қызыға да қызғана қарады.

-Бұл жерде дәретхана, қолжуғыш жақын орналасқан. Жылуы балаларға сәйкес келген.

Аналардың арызын тыңдауға аудан әкімі келген жоқ. Орынбасарын жіберіпті. Ал ол өзінше ақталып әлек.

Ахмет Әшімақын, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:

-Талғар ауданында 7200 мүгедек адам бар. Бес мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Сол кісілердің жұмысын жұмыспен қамту орталығы мен аудандық бөлім бірге атқарады. Екеуі екі жерде отырған соң, ол кісілерге ыңғайсыздық тудырды. Халық екі жақта көп сабылысты. Сосын біз жұмыспен қамту орталығына аудандық мекемені орналастырдық.

Ал шенеунік 400 мүгедек баланың жәйін «жақында шешеміз» деп, кезекті уәдесін беріп кетті. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары аудандық атқамінерлерге сенуден қалған. Сондықтан олар жанайқайын облыс әкіміне жеткізуге бекініп отыр. Қажет болса, жаңа ғимаратты өздері де тауып беруге атсалысуға дайын.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.