Карантин күшейтіледі: Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұрғындардың үйден шығуы шектелмек
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті.
19:13 26.03.2020
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен 28 наурыздан бастап карантин режимі күшейтіледі, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты. Мемлекеттік комиссия 28 наурыз сағат 00.00-ден бастап келесі шараларды қабылдау арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді бекітті:
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
- Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
- Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
- Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109 адамға жетті. Ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 61 адам, одан кейін Алматы қаласында – 40 адам.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!