Таулы Қарабақта соғыс жағдайы енгізілді
Таулы Қарабақта Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыс ушықты, бейбіт тұрғындар қаза тапқаны хабарланып отыр.
14:48 27.09.2020
Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Арменияның әуе күштері Қарабақпен шекарадағы елді мекендерді атқылағанын хабарлады. Осы мәліметтерге сәйкес, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Арменияның қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Қарабаққа әуеден шабуыл жасалған. Армения Әзербайжанның екі тікұшағы пен үш ұшағын жойғанын хабарлады. Ал Әзербайжанның әскерилері 12 армян зенит кешенін жойғанын мәлімдеді.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақтағы екі тарапты да оқ жаудыруды доғаруға шақырды, деп жазады sputniknews.kz.
"Тараптарды дереу атысты доғарып, жағдайды тұрақтандыру үшін келіссөздерге кірісуге шақырамыз", - делінген ресейлік министрліктің мәлімдемесінде.
Түркия толыққанды Әзербайжанды қолдайтынын жеткізді. Армения осы жағдайға байланысты әзірге Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына (ОДКБ) жүгінген жоқ. Никол Пашинян шұғыл түрде елдің қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізбек. Әзербайжанның әуе күштері Тертер-Агдам, Физули-Джебраиль, сонымен қатар Муровдаг тауы бағытында ұрыс жүріп жатқанын хабарлады. Ал мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының президенті Араик Арутюнян елде соғыс жағдайын енгізіп, мобилизация жариялады.
Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы ақпанда, Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан КСР құрамынан шығатынын жариялағанда басталған болатын. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан жеті ауданды бақылаудан шығарып алды. 1992 жылдан бері жанжалды бейбіт реттеу бойынша ЕҚЫҰ-ның Минск тобы шеңберінде Ресей, АҚШ және Франция тең төрағаларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзербайжан өзінің аумағы тұтас болғанын талап етеді, ал Армения мойындалмаған республиканың мүддесін қорғап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!