{metadescription}
Алматыдағы бірнеше көшеге ертеңнен бастап жаңа атау беріледі

Алматыдағы бірнеше көшеге ертеңнен бастап жаңа атау беріледі

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XVIІІ сессиясы кезінде мегаполистің кей көшелерінің атауын өзгерту мәселесі қаралды. 

Бұған дейін қалалық мәслихаттың жабық отырысы кезінде Алматыдағы кейбір көшелердің атын өзгерту мәселесі көтерілгені хабарланған болатын. Атап айтқанда, Гагарин даңғылының Тимирязев көшесінен әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігін Ермек Серкебаев даңғылы деп қайта атау, Әуезов ауданы Юбилейная көшесіне Владимир Толоконников атын беру, Түрксіб ауданы «Жас қанат» шағын ауданындағы атаусыз көшеге Ескендір Хасанғалиевтің есімін беру және Бостандық ауданындағы атаусыз көшеге Юрий Померанцев есімін беру ұсынылған, деп жазады kazinform.

– Алматы қаласы мәслихатының 2024 жылғы 14 мамырдағы бірлескен шешімімен және Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен «Алматы қаласының көшелеріне атаулар беру және қайта атау туралы» ұсыныс Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберілді. 2024 жылғы 29 мамырда оң қорытынды алынды. Қаулының жобасы 2024 жылғы 14-28 мамыр аралығында «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін орналастырылды. Жоба 16 мыңнан астам қаралым мен 1,5 мың пікір жинады. «Ашық НҚА» порталына келіп түскен әрбір түсініктемені зерделеу және талдау нәтижесінде пайдаланушылардың 88%-ы Е.Серкебаевтың атын беруді, ал пайдаланушылардың 98%-ы өзге көшелерге атау беру туралы ұсынысты қолдағаны анықталды, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Өз кезегінде Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев тұрғындар үшін мекенжайды ауыстыру рәсімдері тегін болатынын айтты. 

– Біз мекенжай регистрінің базасын жүргіземіз. Мекенжайды өзгерту автоматты жүйеде істеледі және азаматтардың өтінішіне қарай оларға жаңа мекенжайлар беріледі. Бұл рәсімдер жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де тегін болады, - деді басқарма басшысы. 

Қалалық мәслихат депутаттары жаңа өзгеріске бірауыздан дауыс берді. Мәслихат шешімі ертеңнен бастап күшіне енеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде