Биология мұғалімі бүкіл ауылдың зәресін ұшырып жүр – Атырау облысы
Атырау облысындағы бүтін бір ауыл тұрғындары үрейленіп отыр. Тіпті кейбір ата-аналар баласын мектепке жіберуге жүрексініп қалған. «Оқушылардың зәре-құтын қашырған – биология пәнінің мұғалімі» - дейді тұрғындар.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
07.09.2021
Олардың айтуынша 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаз өз ағасын өлтіріп, мүрдесін үйінде жеті айға жуық сақтап келген. Алайда тергеуде ұстаздың кінәсі дәлелденбепті. Соған қарамастан тұрғындар оны білім ошағынан біржола аластатуды талап етуде.
Таңдай ауылының тұрғындары қаңтар айында болған сұмдық оқиғаны әлі ұмыта алар емес. Сол кезде жер үйдің қорасынан 82 жастағы қарияның мүрдесі табылып, түрлі алып-қашпа әңгімеге арқау болған. Содан бері ауылдағылар ағасының мүрдесін қорада сақтаған ұстаздан сырт айналып қашады. Ал оқушылар мектеп табалдырығын аттауға қорқып қалған дейді жиналғандар.
Жеміс Мұхаметова, Таңдай ауылының тұрғыны:
- Сондай адам біздің баламызға қалай сабақ береді?! Менің тоғыз оқитын немерем бар. «Апай келгенде қорқамыз» - дейді. Қасымызға жақындап келсе, ығысып отырамыз дейді. Үреймен отырған бала не білім алады?!
Жолдас Бейсекенұлы, Таңдай ауылының тұрғыны:
- Жұмыстан шығармау керек болса, облыс, қала, аудан білім бөлміне әдіскер етіп отырғызып қойсын. Ауылдан басқа жаққа алып кетіңіздерші! Балаларымыз тыныш өмір сүрсін. Одан тек бала емес, көршілер, үлкен кісілер де қорқады. Ана кісіні көргенде үлкен ксілер де қорқады.
Күдікке ілінген әйел қазір ағайындарымен де арласпайды. Көршілерін де көргісі жоқ. Одан тіпті алыс-жақын туыстары да теріс айналған дейді тұрғындар.
Нұргүл Абдолова, Таңдай ауылының тұрғыны:
- Маусым айында барғанда үйінен иіс шығып тұрды. Күйеуім айтты: «Бұл деген нағашымды өлтірді де, ана бөлмеге тығып қойды». Айтқаны тура келді.
Ал ауыл халқы қорқып қалған ұстаз сұхбат беруден бас тартты. Барлық сұраққа адвокатым жауап береді деп ысыра салды.
Алақандай ауылдың адамдары қазір үреймен өмір сүріп жатыр. Ал балалар мектепке баруға қорқып қалған. Тұрғындар: «Туған ағасының мүрдесін жеті ай бойы үйінде сақтаған ұстазды ауылдан аластату керек» деп талап қойып отыр. Ал “туғанымды жер қойнына тапсыруға қимадым” деп сылтау айтқан мұғалім қазір адам баласымен арласпайтын көрінеді. Алайда өзі дәл осы білім ордасында шәкірт тәрбиелеп ұстаздық етуде. Оған мектеп директорының өзі заң аясында рұқсат берген.
Серік Қойбақов, Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры:
- ІІБ хабарласқан кезімізде ол куәгер ретінде іс қаралып жатыр деді. Тергеу ісі бойынша ақтап шықты. Ешқандай жазығы жоқ. Жұмысқа орналасу керек деген тапсырмалармен біздер жұмысқа орналастырып шеттетілген уақыттарына еңбекақы төлеп шықтық.
Қаңтар айында 82 жастағы қарияның денесі қорадан табылған. Тергеу кезінде марқұмның өз ажалымен өлгені анықталыпты. Сондықтан оның 53 жастағы қарындасы жауапкершіліктен босатылған. Алайда жиналған жұрт мұғалім мүрдені үйінде сақтағаны үшін де жазалансын дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!