Айым Сейтметова: КТК арнасының «Қиын шақ» сериалы өміріме сүйінші әкелді
Көкбет оқушы күйеуге шығатын болды. КТК арнасы түсірген «Қиын шақ» жастар сериалында Баянның – өзімшіл, паң, көкбет оқушының рөлін сомдаған актриса Айым Сейтметова некесін қияды. Түсірілім кезінде жігіті сөз салған Айымның үйлену тойы тап осы сериал эфирге шығатын күні болады. Актриса Айым өмірде қандай? «Қиын шақ» сериалы не туралы және несімен қызықты?
Автор: Заира Сабитова
Жүректі лүпілдеткен алғашқы махаббат. Сыныптағы қыздар арасындағы текетірес. Ұстарадай өткір сезім. Ажарлы Баян мен оның келбеті келіскен досы Дархан билеп-төстейтін 10 «Б» сыныбына жаңадан оқушы қыз келеді. Сол-ақ екен, сыныптағы жағдай өзгеріп шыға келеді. Ибалы да момын, сабағын жақсы оқитын қызға Баян сыныптастарын қарсы айдап салып, үнемі аяғынан шалып, небір жымысқы әрекет жасайды. Сериалда жас мұғалімнің тағдыры, оның қателіктері мен жеке өмірі де көрсетіледі. Сериалда бәрі шынайы өмірдегідей.
Айым Сейтметова, «Қиын шақ» сериалындағы актриса:
22 жасымда 16 жастағы мектеп оқушысын сомдағаныма қуанамын. Демек, бойжеткендей көрінетін шығармын. Ол жақсы ғой. Бір қызығы, тура осы "Қиын шақтың" түсірілімі кезінде жігітім маған үйленейік деп сөз салды. Иә, сөйтіп күйеуге шығамын. Өмірде адам сенгісіз сәйкестіктер болады екен. Ал енді «Қиын шақ» эфирге шығатын күні тойым болады. КТК арнасының сериалы маған бақыт әкелді. Мен бақыттымын, отау құрамыз. Сүйгеніме қосыламын. Сүйгенімнің сүйіктісі болғым келеді. КТК арнасы өмірімде жаңа кезеңге жол ашып берді. Осындай ерекше дүниелердің бірінен соң бірі болып жатқанына жүрегім алып-ұшып жүр. Сериал жарыққа шығады, ал мен күйеуге шығамын, керемет емес пе!
Айым Сейтметова тәжірибелі актриса болғанымен, «Қиын шақ» оның кинодағы жаңа образдағы дебюті. Жауыз, сүйкімсіз образды кейіпкерді бұрын-соңды сомдап көрмеген. Қиын болғанымен, қызықты болды дейді Айым. Әрине! Айымның кейіпкері Баян барып тұрған жын қаққан өзімшіл қыз. 10-шы сыныптың тәкаппар, маңғаз, сұлу патшайымы негізінде өзін-өзі кем сезінеді. Онысын ешкімге білдірмеуге тырысқанымен, жалғыздық, әке-шешесімен тіл табыса алмауы, булимия, сүйіспеншілікке зәрулігі жүрегін жайлап, жанын жай таптырмайды. Өшін кімнен аларын білмей аласұрған Баян сыныбына жаңа келген оқушы қызды мазақ қылып, қатты қинайды. Небір қитұрқы әрекетке барып, бір күні шектен шығады...
Айым Сейтметова, «Қиын шақ» сериалындағы актриса:
Мен өмірде кейіпкеріме мүлдем ұқсамаймын. Сериалдың сценариін оқығанда қатты ойландым. Өмірде ондай қыздар бола ма? Ол не деген қатыгездік? Қайдан келген қатыгездік? Қалай ғана дәті барды? Олай деуге қалай аузы барды? Кейіпкерімнің іс-әрекеттерін түсіну қиын. Сценариді оқыған сайын «Бұл қыз ауру шығар» деген ой қылаң берді. Түсірілім алаңында жағамызды ұстап «неткен жымысқы» деп таңдайымызды қақтық. Құдай сақтасын. Ондай қыздардан Құдай сақтасын.
КТК арнасы түсірген шытырман оқиғалы жасөспірімдер драмасы тек жастарды емес, сонымен қатар олардың ата-аналарын да ойландырады. Өйткені мұнда жасөспірімдердің өзекті мәселелері – жеке тұлғаның қалыптасуы, эмоциясына ерік беру, алғашқы сезім, мектеп иерархиясының күрделі заңдары, әке-шеше мен баланың арасындағы қақтығыс бейнеленген.
«Қиын шақ» қазақ тілде, орысша субтитрмен шығады.
«Қиын шақ» туындысының 12 сериясы демалыс күндері, 19-20 қазанда сағат 17.00-де КТК арнасынан көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: КТК арнасы түсірген сериал актерлерді әбігерге түсірді – Жат туыстар
Қайрат Нұртас: Алматы маған үлкен сабақ берді
Дина Төлепберген: Әп-әдемімін, бірақ...
КТК: Қара теңізге қара бұлттай үйірілген қатыгездік
Қарапайым-Ханшайым: Мен енді басқа адаммын, өзімді таппай адасып жүрген қыз емеспін