{metadescription}
CОVID-19: Вакцинаға қатысты барлық сұраққа жауап

CОVID-19: Вакцинаға қатысты барлық сұраққа жауап

Коронавирустан жазылғандар вакцина алуы керек пе? Вакцинаның антиденелері қанша сақталады? Науқастан алынған антиденелер мен вакцинадан алынған антиденелердің айырмашылығы неде?  Вакцина еккенге дейін де, кейін де қалай күтіну керек? Екпеден кейін оның қорғаныш әсері қашан басталады? Онкоаурумен ауыратындарды қалай вакциналайды? Вакцинаның жанама әсері бола ма? 

Дәрігерлер қала тұрғындарын алдын ала жазылуға шақыруда. Алматыда 56 егу кабинеті бар, олардың 16-сы жеке меншік. Сәуір айында 250 егу пункті ашылады. Алматының 30-дан астам сауда орталықтарында коронавирустан екпе салдыруға болады. Екпе салдырғысы келген кез келген адам екпе ала алады. 1 сәуір күні қалаға 21 860 доза вакцина жеткізілді. Егу кабинеттері мектептерде, базарларда, сондай-ақ СОО-да ашылады.

  • Алматы базарларының аумағында: Өжет, Ақ бұлақ, Кенжехан, Тастақ, Орбита, Олжа, Байсат, Түрксіб және басқа орындарда пункттерді ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда.
  • Алатау ауданында - «Ақ Орда» Сауда ойын-сауық орталығы;
  • Әуезов ауданында – Sputnik, «Гранд Парк», «Москва», «Азия Парк», «Алматы»;
  • Бостандық ауданында - Mega Center Алматы, «АДК», Esentai Mall, Atakent Mall, «Алматы»;
  • Жетісу ауданында - «Мерей», «Максима», «Адем» сауда ойын-сауық орталықтары,
  • Медеу ауданында –  «Достық Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, ГУМ;
  • Түрксіб ауданында - «MАРТ».

Вакцинаның антиденелері қанша сақталады?

Коронавируспен ауырған науқастарда антиденелер - 3 ай, вакциналанған адамдарда 1 жыл сақталады.

Науқастан алынған антиденелер мен вакцинадан алынған антиденелердің айырмашылығы неде?

Коронавирус инфекциясынан кейін иммунитет қалыптасады, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Қайтадан ауырған жағдайлар бар. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 3 айдан кейін қайта ауруы мүмкін. Сондықтан инфекциядан кейін иммунитеттің қаншалықты ұзақ екенін айту қиын және ғалымдардың да бұған әлі нақты жауабы жоқ. Бірақ ең аз кезең – 3 ай. Қазақстан аумағында қолданылатын «Спутник V» вакцинасы ағзаны 1 жылға дейін иммунитетпен қамтамасыз етеді. Қазір Ресейде жасалған басқа вакциналар белгілі және ғалымдардың айтуынша, бұл вакциналар 3 жылға дейін иммунитетті қамтамасыз етеді. Бірақ иммунитеттің қаншалықты ұзақ сақталатыны тек вакциналау жүргізгеннен кейін нақты белгілі болады.

Жалпы халықтың 70 пайызын вакциналау ғана тиімді болады. Ол коронавирус инфекциясының тіркелуін тоқтатуға ықпал етеді. Әлем вакциналаудың мұндай деңгейіне әлі жеткен жоқ.

Вакцина еккенге дейін де, кейін де:

  • Аллергия болмас үшін таңсық тағам жемей тұра тұрған жөн;
  • Бұрын қолданып көрмеген әтірді де қолданбау керек;
  • Екпеден кейін «енді ауырмаймын» деп ойлауға болмайды;
  • Бетперде тағып, сақтық шарасын жалғастыра беру керек;
  • Коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасуы үшін уақыт керек;

Вакцина салғаннан кейін қалай күтіну керек?

Екпеден кейін дене қызуы 37,0-37,5 аралығында көтерілсе, емханадағы дәрігерінің бақылауында болуы керек. Ковид-19 өкпені ғана емес, буындарды да зақымдайды. Екпеден кейін температурасы көтерілсе, тым болмаса қан талдауын жасатуы керек. Қажет болса сәулелі диагностика жасалады. Осының арқасында жағдайы қалай екені, қалай емделу керектігі анықталады. 

Екпеден кейін дене температурасы көтеріліп, буындардың ауыруы – күтілетін реакция.

Екпеден кейін оның қорғаныш әсері қашан басталады?

Вакциналаудан кейінгі қорғаныш әсері, яғни коронавирусқа қарсы антиденелер дозаны алғаш қабылдағаннан кейін 12-14 күннен соң басталады. Толық иммунитетті қамтамасыз ету үшін 21 күндік аралықпен екі компоненттен тұратын вакцинацияның толық курсын алу керек.

Вакциналау курсы аяқталғаннан кейін, 1,5 айдың ішінде ағзаның иммундық реакциясы пайда болады. Сондықтан вакцина қабылдаған адамдар профилактикалық шараларды сақтауы керек.

Коронавирустан жазылғандар вакцина алуы керек пе?

Жұқпадан кейін ағзада қалыптасатын иммунитет тұрақсыз және аз уақытқа ғана жеткілікті екендігін отандық, сонымен қатар әлем елдерінің де ғалымдары тұжырымдап отыр. Сондықтан 18-ден 65 жасқа дейінгі азаматтар өзінің қызметіне байланысты, яғни медицина қызметкері, педагог сынды коронавирусқа қарсы вакцина алу санатына жататын маман болса, онда олар коронавируспен аурып, емделсе де вакцина алғаны дұрыс. Өйткені олар вакцинациядан кейін ағзада пайда болатын иммунитет арқылы денсаулығын қорғай алады.

Онкоаурумен ауыратындарды қалай вакциналайды?

Онкологиялық аурумен ауыратын пациенттерді жағдайына қарай вакциналау қажет. Иммуносупрессивті науқастарда иммунитет қалыптасуы қиын болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Вакцина екі рет салынатынын ескере отырып, онколог емдеуді бастау немесе жалғастыру мерзіміне қарай шешім қабылдауы керек. Әсіресе, бұл ем-домды енді бастаған науқастарға қатысты. Шешім қабылдау кезінде пациент үшін қауіптер, жасы, жалпы жағдайы, қандағы лейкоциттер мен нейтрофилдердің деңгейі, пациенттің болжамы бағаланады.

Тек гормон терапиямен ауыратын науқастар COVID-19 вакциналауға жатпайды. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын, цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады.

 

Вакцина салдырғаннан кейін моншаға түсуге бола ма? 

Дене қызуы көтерілсе, оны түсіруге көмектесетін дәрілер болады. Олар антибиотик емес, дене қызуын түсіруге арналған парацетамол, ибупрофен секілді препараттар. Соларды ішуге болады. Моншаға барып, спортпен айналысуға да рұқсат. Бірақ бірінші кезекте дене қызуын түсіру керек. Одан кейін вакцина салдырғаннан кейін үш күндей моншаға түсуге, су тигізуге болмайды. Сол тәртіпті сақтау қажет. Одан кейін адамның жағдайына қарай шомылуға болады. Әр нәрсе өз орнымен.

Вакцинаның жанама әсері бола ма?

Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көрінісі, вакцинаны енгізу, сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцина нұсқаулығы талап етіледі. Сондықтан қарсы көрсеткіштерін қазір тізіп шығу мүмкін емес. Адамның ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастырады, иммундаудан кейін дене қызуы аздап көтеріледі, егілген жер қызарып ісінуі мүмкін. Вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғы анықталады. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салудан бас тартады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Дер кезінде мән беру үшін вакциналаудан кейін 30 минут (медициналық мекемеде) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін. Одан кейін 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады. Вакцина алған әр адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсер орын алған жағдайда хабарласа алатын байланыс нөмірлері бар жадынама беріледі.

Ресейде онкологиялық науқастарға «Спутник V» вакциналау бойынша клиникалық зерттеулер енді ғана басталды. Қазақстандық вакцина бойынша дерек жоқ. Ең бастысы, әр пациентке жеке көзқараспен қарау керек. Бұл ретте антиденелердің деңгейін тексеру қажет емес.

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде